Сөз құрамы орыс. состав слова – сөздің сыртқы түр-тұрпаты. Тілдегі сөздер бір бүтін тұлға ретінде қаралғанмен, олар мағыналы бір не бірнеше бөлшектен құралуы мүмкін. Сөз құрамының ең негізгі бөлшегі – түбір. Сөз тудыратын, сөз жалғастыратын (байланыстыратын) қосымшалар түбірге қосылады. Мысалы, ек-ін, егін-ші, егін-шілік сөздері ек түбіріне жұрнақтар (-ін, -ші, -лік) жалғану арқылы жасалған. Ал бойжеткен сөзі екі түбірдің бірігуінен, бала-шаға сөзі түбірлердің қосарланып айтылуынан туған. Сөздер сыртқы тұлғасына (құрамына) қарай түбір сөз, туынды сөз, қос сөз, біріккен сөз, қысқарған сөз болып бөлінеді. Сөз құрам ұғымына түбір сөзге жалғанатын жалғаулар жатады, бірақ бұлар сөз емес, сөздің морфологиялық құрамының бөлшектері. Қазақ тілі сөздердің морфологиялық құрамына қарай жалғамалы тілдер тобына қосылады.