Если только стих )
Қар жауып жатыр себелеп,
дүние ойға батқандай;
ақша қар - аппақ көбелек,
көбелек ұшып жатқандай.
Әлдебір сазға беріліп,
ақ әлем, аппақ түнгі ұйып;
қараша бағы керіліп,
кеудеме жатыр мұң құйып.
Оранып аппақ шәліге
Алматы сылқым мүлгиді;
жетелеп әрі, әріге,
жүректі бір ой үңгиді.
Атамның үні тәрізді
кеудемде бір күй сызады;
ойларды қозғап бар ізгі,
қараша желі ұзады.
Ертегі ғүмыр секілді
әжем айтатын баяғы;
аймалап ақ қар бетімді,
құшағын аспан жаяды...
Қар жауып жатыр себелеп,
бар ғалам ойға батқандай;
дүние - аппақ көбелек,
қапылып ұшып жатқандай.
желтоқсан, 1968 жыл.