Кітапхана — мәдени-ағартушылық мекеме. Кітапхана баспасөз шығармаларын жинау, сақтау, насихаттаумен, оқырмандарға баспасөз шығармаларын берумен, мәдени-ағарту және ғылыми-көпшілік жұмыстарын ұйымдастырумен шұғылданады. Кітапхана атқаратын міндетіне, кітап қорының құрамына және жұмыс әдісіне қарай екіге бөлінеді: а)көпшілік; ә) ғылыми және арнаулы.
Көпшілік кітапхана — оқырманға қоғамдық-саяси, кәсіптік, жалпы білім беретін басылымдарды ұсынады.Ғылыми және арнаулы кітапханалар ғылым салалары мен белгілі бір ұйымдарға (мекемелер, оқу орындары, т.б.) қызмет етеді. Кітапханалар жазба ескерткіштердің қоғамдық қоймасы ретінде ерте заманда пайда болған.[1]Біздің заманымыздан бұрынғы 7-ғасырдың ортасында Ассирия патшасы Ашурбанипалдың сарайында қыш тақталарға жазылған жазбалар жинағы сақталған. Көне кітапханалардың ішінде Александрия кітапханасы әлемге әйгілі. 9 — 11-ғасырларда Бұхара, Самарқанд,Отырар, Үргеніш, Мерв қалалары ғылыми және әдеби кітап қорларымен аты шықты. Ұлы ғұлама әл-Фарабидің туған қаласы Отырарда Александриядан кейінгі әлемдегі екінші ең ірі кітапхана болған деп есептеледі. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында барлығы 11300 кітапхана (2003) жұмыс істейді.