Байлық пен ақыл. Бір шалдың төрт ұлы болыпты. Бір күні шал ұлдарын жинап алып: -Мен қартайдым. Біреуіңнің үй иесі болатын уақыттарың жетті. Кімнің ақылы мен байлығы сай болса, сол мұрагерім болады. Әрқайсың маған байлықтарың мен ақылдарыңды көрсетіңдер, -депті. Сонда үлкен ұлы асыл тасты жүзік салған қолын көрсетіп: -Міне, менің байлығым. Ал кім бай болса, сол ақылды, -депті. Екінші ұлы асыл киімдерін киіп, әдеміленіп келеді де: -Міне осы түрімді көргендер ақылым мен байлығымның алдында бас иеді, -депті. Үшінші ұлы күміспен және тастармен әшекейлеген белдігін буынады да: -Мұндай белдікті ешкім ешқашан буынып көрген жоқ,-дейді. Әкесі үлкен балаларына қарап басын шайқайды да, кіші ұлына: -Сен неге үндемейсің? Сен қандай байлығыңмен мақтанасың? –дейді. Сонда кенжесі: -Менің асыл тасты жүзігім де, сәнді киімім де, қымбат тастармен әшекейленген белдігім де жоқ. Тек еңбек сүйгіш екі қолым, қайрат, жігерге толы жүрегім ғана бар, -депті. Шалға кенже ұлының жауабы ұнайды. Ол өзінің мұрагері етіп кіші ұлын белгілепті. Үлкен балаларына інісінің айтқанынан шықпауды өсиет етіпті.