Әдептілік адам бойында бірден қалыптаспайды. Ол - біршама жылдардың, қоршаған ортаның, жақсы тәрбиенің жемісі. Ата-ана өз балалары үшін тәртіптілік пен сыпайылықтың, жарасымдылықтың, қамқорлықтың үлгісі, отбасындағы тәрбие құдіреті осында. Адамдар арасындағы қарым-қатынас әдептілікке негізделсе, жан-жағына жылуын шашады, әдепсіз болса қапаландырады. Адам-ең әуелі адамгершілігімен, әдебімен көрікті. Әдептілік-өзіңді әр түрлі жағдайда мінез-құлықтың жалпы ережелеріне, эстетикалық, этикалық талаптарға сәйкес ұстай білу. Әдепті адам ыңғайсыздық тудыратын жағдайды болдырмауға тырысады. Әдепті болу үшін өзіңді-өзің ойша болса да басқа адамдардың орнына қоя білуің керек. Әдепті адам өзінің басқа адамды жек көретінін немесе өте жақсы көретінін көпшіліктің алдында білдірмейді, бұл басқаларды ыңғайсыз жағдайда қалдырмау үшін қажетті.