Кешірімділік
Кешірімділік – адам бойындағы жақсы қасиет, пенде біткенге құрметпен, ізгілік тұрғыдан қарау. Адамгершілік, имандылық сияқты гуманистік ұғымдарға мәндес категория. Адамның оқыс істері мен қоғамға зиянды іс-әрекет жасағаны анықталғанда, оған адами тұрғыдан кеңшілік жасап, залалды істерінің мән-жайын түсіндіру, гуманистік қамқорлық жасау, кеңшілік көрсету – Кешірімділік болып табылады. Мемл. жоғары билік орындары зиянды әрекеттермен, қылмысты істермен айналысқан адамдарға лайықты жаза қолданумен бірге, оны қайта тәрбиелеп жөнге салуға барады. Оларға кешірім жасалады. Күнделікті тұрмыс-тіршілікте қателесіп, іс-әрекеттерінде жіберген жағымсыз қылықтары үшін де адамға Кешірімділік жасалып, оған дұрыс жөн-жосық көрсетіледі. Айыбын мойнына алған, қатесін дұрыс сезініп, оған өкініш білдіретін адамға да Кешірімділік жасалады. Кешірім сұрау – әрбір адамның өзі жіберген қатесін ой-санасымен сезініп мойындауы оның мінезіндегі ерлігі мен батылдығын білдіреді. Кешірімділік – қоғамдағы азаматтардың болашағына сенім артып, оның саналы түрде тәлім-тәрбие алуына қамқорлық көрсетудің көрінісі.