Жеңілі мен ауыры, шуағы мен дауылы қатар жүру – өмір заңы. Қазіргі уақытта қамқорлық пен қолдауға мұқтаж болған, көңілдерін шер, қабақтарын мұң басқан, қайырымды адамдардан мейірімділік, алақандарынан жылулық сезімін күтетін жандарды күнделікті өмірде жиі кездестіреміз, телехабарлардан көреміз.
Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрі қазіргі кезде қайырымдылық қоғамдарының іс-тәжірибелерімен жалғастырылып келеді. «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без», – дегендей, кісілікті ту етіп, адамгершілікті биік ұстау, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізін аямау, қолдан келген жәрдемін ұсынып, достық пейілдерін таныту – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» – деген екен халқымыз. Мұхаммед пайғамбарымыз да бір хадисінде: «Кім Алла үшін бір жетімнің басынан сипаса, қолы тиіп өткен әрбір тал шашы үшін сауап алады»,– деген. Бұл өмірде жасалған ешбір жақсылық та, жамандық та ешқашан жерде қалмақ емес. Әркез жүрегіміз кең, пейіліміз ақ болып, жақсылық жасауға ұмтылып тұрайық.