МАҚАЛАЛАР
Аллаһтың мейірімі шексіз.
Аса қамқор ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын!
Анадан ақ сүт іштік піскен емес,
Күнәміз алатаудан кішкене емес.
Күніне мың бір күнә жасасақ та,
Аллаһқа кешем десе еш нәрсе емес.
Майлықожа.
Құранда көп келтірілген Аллаһтың есім сипаттарының бірегейі оның құлдарына аса қамқорлығы мен ерекше мейірімділігі. Ақиқатында Аллаһты шынайы таныған пенде оған Аллаһтың өлшеусіз қамқорлығын, өтеусіз мейір-махабатын сезінеді. Ол сені жиіркенішті нәрседен сүйкімді қылды. Ешбір мүсінші қанша тырысса да сұлбанды дәл солай сұлу қыла алмас, сені ахсана тақуимде жаратты. Тістер тісі жоқ уақытта сен қарның ашып жылап едің, ананның омырауынан сен үшін мейірім сүтін ағызды. Ол сүт сен үшін шөлдесең сусын, қарның ашса азығың еді. Еш нәрсеге дәмі де ұқсамайды, еш нәрсе оның орнын толтыра да алмайтын ананың сүті, ол - Аллаһтың айрықша қамқорлықпен сен үшін қан мен жынның арасынан жаратқан парқына жетсең бір нығметі еді.
Кейін тісін шыққан сәтте сен сүтке тоймай жыладың. Ол саған жер жүзінде сен үшін жаратқан бүкіл қазынасын жомарттығымен жайып салды. Оның кеңпейілдігімен Оның кең байтақ дастарханының қонағы болдың. Ауаны тегін жұттың. Ащы судан бөлінген тәтті суды іштің. Жер сен үшін дастархан болды. Оның қойнауы қара топырақ, жиғаны бір жаңбырдың суы болса да, ол Аллаһтың қамқорлығымен саған өте шебер аспаз тәрізді қызмет қылды. Оның бір жерінен ащы нәрсені жедің. Бір жерінен тәтті нәрсені жедің. Жер сүт анаң тәрізді, омырауынан Аллаһтың нығметтерінен сені қалағанынша тояттандырды. Аллаһтың сөзсіз құлдарына мейірімі болмаса, дәл осылай құлдарына қамқорлық жасар ма еді? Жер бетінде Аллаһтың қамқорлығында өмір сүріп, оны танымаған құлдан артық залым бар ма? Өмірі, болмысы, тынысы, тіршілігі, саулығы Аллаһтың қамқорлығынсыз мүмкін еместігі айқын бола тұра, Аллаһтан басқа нәрсенің разылығын іздеп, өзгеге құлшылық қылған құлдан опасыз бар ма? Ессіз адам болмаса Аллаһтың оған деген қамқорлығын әркім сезінеді. Бірақ көре тұра соқыр, біле тұра мылқау бола қалатын құлдар да баршылық.
Аллаһқа және Елшілеріне қарсы шығып, шексіз қамқорлық көрсетіп отырған Раббысына қылыш көтеретіндер де өкінішке қарай аз емес. Бірақ солай бола тұрса да, яғни Аллаһтан өзгені не өзін пұт қылып, паңданса да, әкеңнен де қамқор, анаңнан да мейірбан Аллаһ сен үшін тағы да кешірімділік қылады. Өз мейірбандығының шегіне жеткенше берерін үйіп-төгіп бере береді. Аллаһ «Кәһф» сүресінің 57-58 аятында: «Раббың өте жарылқаушы, мәрхамет иесі. Егер оларды қылықтарының салдарынан қолға алатын болса, әрине оларға азапты тездетер еді. Дегенмен олар үшін белгілі бір мерзім бар. О заман олар, Алладан өзге паналайтын жер таба алмайды», - дейді.
Аллаһ әрбір қылмысымыз үшін төбемізден қойғылай бермейді. Ол өз мейірбандығымен құлдарының тәубесін күтеді. Мейлі ол құл жер бетін толтыра күнә жасаса да, Аллаһ оны азаптауға асықпайды. Ал құл райынан қайтып тәубе қылса,оған Аллаһтың қуанышында шек болмайды.