Жер сілкіну ошақтары (1963 - 1998)
Жетісу — тарихи-географиялық аймақ. Солтүстікте Балқаш, солтүстік-шығысында Сасықкөл мен Алакөл, шығыста Жетісу (Жоңғар) Алатауы, оңтүстік және оңтүстік-батысында Солтүстік Тянь-Шань жоталарымен шектеседі. Тарихи деректер мен зерттеулерде Жетісу атын құрайтын 7 өзен туралы түрліше пікір бар. А.К. Гейнс бұлардың қатарына Лепсі, Басқан, Сарқан, Ақсу, Бүйен, Қаратал және Көксу өзендерін жатқызса, А.Влангали Басқан, Сарқан өзендерінің орнына солтүстік-шығыстағы Аягөз, оңтүстік-шығыстағы Іле өзендерін атайды. В.В. Бартольдтың айтуынша, алғашқыда жергілікті халық Жетісу деп Іледен солтүстікке қарай созылған аймақты атаған, оған Лепсі, Басқан, Ақсу, Бүйен, Қызылағаш, Қаратал, Көксу өзендері енген. Ал Жетісу Іленің оңтүстігіне қарай созылған таулы аймақ деген ұғым 19 ғ-да тарап, сондай-ақ, оған Тянь-Шаньнің солтүстік-батыс және орталық аудандары да қосылатын болған. Тарихи әдебиетте Жетісу ұғымына Шу алабы мен Нарын өзенінің жоғарғы ағысын қамтитын атырап та кірген.