Жүйрік аттың сыны
Белі – жүйріктің бел сынына қақпан бел, қыз бел, қайқы бел, бүкір бел тағы басқалар жатады.
Беті – бет терісі жұп-жұқа, бөкен бет, бұлан бет, бұғы бет, құлан бет. Жүйріктің бет терісі жұқа, жүйрік аттың бас сүйегінде, бетінде айрықша ерекше біткен томпақ сүйек болады.
Бауыры – сыртқы бауыр тұсы бейнесі, жазық бауыр, салқы бауыр, ал ішкі, ішіндегі бауыры кішкене келеді. Оны атбегілер жүйріктің тілінен байқап біледі. Жүйріктің тілі жұқа, ұзын, ақшыл түсті болса, аталмыш жүйріктің бауыры кішкене деген сөз деп көреді атбегілер және мамандар. Көк бауыры үлкен-кішісін тістің етіне қарай айырады. Көк бауыр кішкене болса, тіс еті ақшыл, жұқалтаң. Көк бауыр үлкен болса, тіс еті барбиған, ісінген, өңі қызғылт болады.
Бойы – жүйрік ат сұңғақ бойлы, биіктеу келеді. Ұзын денелі, тұрқы ұзын жүйріктердің бойы аласалау болады. Төртбұрыш текше жүйріктердің тұрқы да, бойы да шамалы келеді.