КӨКТЕМ ТАҢЫ(стих про весну)
Бар әлем сүйіп ұнатқан,
Шапағат нұрын шұбатқан,
Қаймықпай шыққан жайраңдап,
Қыстайғы суық-сынақтан,
Көктем таңы бұл атқан.
Әуені кетпес құлақтан,
Бұлбұлдың әнін жырлатқан,
Тараштап шашты сипаған,
Самалы ескен қыр жақтан,
Көктем таңы бұл атқан.
Қозылар өріп қыраттан,
Су ішкен мөлдір бұлақтан.
Ат мініп бір-бір шабатын,
Бойшаңдау өскен құрақтан,
Көктем таңы бұл атқан.
Еңбектің әні оятқан,
Даланы көкке боятқан,
Шұрқырап шүйгін шалғында
Жусаған мал да тояттан,
Көктем таңы бұл атқан.
Жапырақ жайған бұтақтан
Қауызын жарып бүр атқан,
Өргізіп құстар балапан,
Бөктерге күнгей шұбатқан.
Көктем таңы бұл атқан.
Көкорай ғажап бар аймақ,
Бүр жарған гүлдер орайлап,
Нөсерлеп жаңбыр жауатын,
Күркіреп аспан, жай ойнап,
Көктем таңы арайлы-ақ.