Абай Құнанбайұлы – қазақ әдебиетінің алыбы. Саналы ғұмырында халыққа қара сөздің қадірін ұқтырған. Надандықпен күресе отырып, жырларына мәңгілік тақырыпты арқау еткен ақын. Халықтың жоғын жоқтап, күйін күйттеген Абайды елі ұмытса, надандықтың анық көрінісі сол.
Шымкентте ерекше әдеби байқау өтті. Сайыс барысында сұрақтарға жауап берген жастар қаржылай сыйлықтарға ие болды. Сонымен Ұлы жазушы М.Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясынан қойылған сауалдарға студенттер дұрыс жауап беруге асықты. Әдебит алыбының өміржолын жатқа білу парызымыз деп есептейтін жастолқын «Абай жолы және 100 сұрақ» атты сайыста сыйлық алумен қатар, өз білімдерін сынаудамыз деді ағынан жарыла. Қодар ісі туралы – жазасы – шариғат негізінде Құнанбай қандай уәж айтты деген сауалға талас туды. Бірі дұрыс жауап берсе, енді бірі жауапты толықтыра түсті.
Ұласбек Нышанғали, студент: «Жігіт болған соң, өтірік сөйлеген болмайды ғой. Кітапты 3 қайтара-ақ оқып шықтым. Мұндағы мақсатым ақша жеңіп алу емес, Ұлы Абайдың жүріп өткен жолын терең білу. Көп нәрсе үйрендім. Әділдік пен бірлікке, тек жақсы қасиеттерге баулитын мінездерін өзіме алдым десем де болады. Қанша қиындықтар басына түссе де мойымай, елі үшін барынша еңбек етті ғой. Енді біз оның еңбектерін біліп, жырларын оқып, бізге тапсырған аманатын орындауымыз керек деп білемін. Бүгінгі байқауды өтеді дегенді естіп, осы күнді асыға күттім. Міне, енді оқығанымды сұрақтарға жауап беру арқылы дәлелдеп жатырмын».
«Абай жолы» эпопеясындағы оқиғаларды жіліктеп айтқан студенттер сұрақтарға таласа жауап берді. Сенімсіз болған кезде өзара шүйіркелесіп, «Абай жолын» сол сәтте парақтап отырғандар да болды. Бұл қадам көзге оғаш көрінді әрине, себебі Ұлы ақынды тек сый-сыяпат алуы үшін ғана дәріптеп жатқан жоқпыз ғой дейді сарапшылар. Айтпақшы, Сергейдің өз қорасан өртеу себебі де 100 сұрақты толықтырды.
Сайысқа кез келген 30 жасқа дейінгі азаматтар қатысуға мүмкіндік алған. Әрбір жауапқа қаржылай сыйлық тағайындалыпты. Ал әдеби дода барысын арнайы қазылар алқасы қадағалап отырды.
Сәрсенбек Сахабат, ақын, қазылар алқасының мүшесі: «Бұл сайыстың ерекшелігі де сол – әрбір сұрақ үшін қаржылай марапат беріліп жатыр. Бұл әбестік емес, қайта қалтасы жұқа студенттерге қарасу, үлкен көмек дер едім. Бір жағы «Абай жолын» оқып, білімін жетілдірсе, екіншіден қажетіне жарайтын қаржы табуда. Менің ойымша, студенттер арасында мұндай байқауларды кеңінен өткізіп тұру қажет. Ал олардың біліміне баға беретін болсам, әлі де шала. Ешқайсысы қатырып жауап беріп жатқан жоқ. Сондықтан «Абай жолын» әлі де болса дәріптеу маңызды. Көңілім толмай отыр менің. Қазақ өз тарихын, өткенін білмей ешқашан алға қадам баса алмайтынын айтқым келеді».
Әдеби шара аясында Ұлы ақынның өмірінен сыр шертетін оқиғалар да кеңінен айтылды. Бастысы, ақынның аманатын дәріптейтін ұрпағы барда Ұлы ақынның ұлылығы ұмытылмақ емес.