Қарлығаш – айыр құйрықты, қанаттары ұзын, әрi үшкiр келетiн, шағын денелi қара ала құс. Қарлығаш сөзi «қара», «ала», «құс» деген сөздердiң кiрiгуiнен шыққан. Торғайлар отрядына жататын құс тұқымдасы. Басқа құстардан бiр айырмашылығы – жемiн ұшып жүрiп ұстайды. Суды да ұшып жүрiп iшедi. Бауыры ақшыл, арқасы қоңыр, жасыл жылтыр. Арктика мен Антарктидан басқа жердiң бәрiнде мекендейдi. Бүкiл әлемде қарлығаштың 80 түрi бар. Оның 4 туысқа жататын 5 түрi Қазақстанда кездеседi. Олар: жар қарлығашы, құз қарлығашы, қос реңдi қарлығаш, сепкiлтөс қарлығаш, кент қарлығашы.
Республикамыздың барлық жерiне тараған. Орман-тоғай, өзен-көлдер маңында, шөлдi және таулы өңiрлерден жиi ұшыратасың. Жыл құсы. Күз түсе, Африка мен Оңтүстiк Азияға ұшып кетедi. Жылына бiр рет, қыста түлейдi. Екiншi жылы ұрпақ бередi. Екi-екiден, кейде топтанып, шыңға, тiк жарға, кейде тұрғын үй қабырғаларына, ағашқа жапсыра ұя жасайды. Ұяны топырақ пен сазды сiлекейiн араластырып қалайды. Iшiне майда шөп, қауырсын, мамық төсейдi. Қарлығаштың кейбiр түрлерi жарға үңгiп iн қазады. Олардың тостаған тәрiздi, бетiн ашық етiп немесе қап, дорба тәрiздi етiп, кiрiп-шығатын тесiк қалдыра жасаған ұялары да бар.
Қарлығаш – пайдалы құс. Зиянды насекомдарды, әсiресе, шыбын-шiркейдi өте көп жеп, ауыл шаруашылығына пайда келтiредi.
Қарлығаштар жылына екi рет жұмыртқалайды. Алты-жетi күннен соң жасап бiтiрген ұясына 3-тен 7-ге дейiн жұмыртқа салады. Екi-үш аптада балапан басып шығарады. Балапандары алғаш қызылшақа болады. Балапандарына жем iздеуге шығарда ұядан құлап кетпесiн деп, аяқтарын қылмен байлап кетедi.
Ата-бабаларымыз қарлығашты ежелден жақсы көрген. Қарлығаштай сүйкiмдi, еңбекқор, ақылды болсын деп, қыздарына Қарлығаш деп ат қойған. Қарлығашқа көптеген аңыз-ертегi, мақал-мәтел, жұмбақтар, жыр жолдарын арнаған. Аңыз-ертегiлерде қарлығаштың адамдарға жасаған көмегi айтылады. Мысалы, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегiсi, Төле бидiң қалай «Қарлығаш би» атанғаны туралы аңыз… Қарлығашқа қатысты көптеген ырым-жорамалдар да бар. Мысалы:
Қарлығаш биiктеп ұшса – күн ашық болады.
Жер бауырлап ұшса – жаңбыр жауады.
Қарлығаш жылы жақтан оралған кезде қораға қонса, қой егiз туады. Ақ мол болады. Ал үй жақтауына немесе шатырына қонса, сол үйдiң жан басы көбейедi. Түсiңде қарлығаш көрсең бақытқа кенелесiң…