Ара,үй арасы, бал арасы (Apіs mellіfera) –жарғаққанаттылар отрядының өкілі. Қазақстанның барлық облыстарында кездеседі. Ара топталып, үлкен ұя болып тіршілік етеді. Бір ұяда бір ұрғашы Ара. (аналық Ара), бірнеше жүз еркек Ара және ондаған мың (100 мыңға дейін) «жұмысшы» Ара болады. Ұрғашы ара ұяда ұрпақ өсіреді. Ол аралардың ішіндегі ең ірісі, жыл маусымына қарай денесінің ұзындығы 20 – 25 мм, ал салм. 150 – 300 мг-ге жетеді. Тәулігіне 2 – 3 мың, маусымына 200 мың ұрықтандырылған жұмыртқаға дейін (кейде ұрықтандырылмаған жұмыртқа да) салады. Ұрықтанған жұмыртқадан ұрғашы, жұмысшы және аналық Аралар, ал ұрықтандырылмаған жұмыртқадан тек еркек Аралар ғана шығады.
Ара ұясы: балаңқұрттар сол жақта, ал жұмыртқалар оң жақта
Аналық Ара ұяның анасы болып есептеледі, ол 3 – 5 жыл, кейде 10 жылға дейін өмір сүреді. Күзде салқын түсісімен жұмыртқа салуды тоқтатып, оны қайтадан ақпанның 2-жартысынан бастайды. Еркек Ара денесінің ұзындығы 15 – 17 мм, салмағы 250 мг болады. Ол негізінен ұрғашы Араны ұрықтандырады да, одан кейін өліп қалады. Омартаның негізін қалайтын жұмысшы Аралардың денесінің ұзындығы 12 – 15 мм, салмағы 90 мг болады. Жұмысшы Аралар көбею мүшелері жетілмеген ұрғашы Аралар. Олар жұмыртқадан жаңа шыққан ұрпақты қоректендіреді, балауыз ұяшықтардың тазалығын, ауа алмасуын қадағалайды, тәтті шырын мен гүл тозаңдарын жинайды. Жұмысшы Аралар 7 – 8 ай тіршілік етеді. Ұяда тұратын әрбір Ара өзінің қызметі мен міндеттерін жақсы біледі және оны мүлтіксіз орындайды. Аралардың ішінде дербес тіршілік ететін түрлері де бар. Қазақстанда Іле Алатауының етегінде Араның антофора деген түрі дара тіршілік етеді. Ара ұясынан емдік, тағамдық қасиеті бар бал алынады. Арадан алынатын ара балы, араның уы, перга, аналық сүтше, балауыз және ара желімі (прополис) медицинада және техникада кеңінен қолданылады.[1] Аралардың 20 мың түрінің ішінен тек 1 мың ғана түрі ұйымшыл жәндіктер санатына жатады. Бал араларының басқа барлық аралардан ерекшеленетін себебі,оның тозаңды жинайтын және таситын арнайы икемі: олардың артқы аяқтарының кең жіліншіктерінде талшықпен жиектелген иілімді аумақ болады (ол қоржынша деп аталады). Шірені бал арасы тұмсығының жәрдемімен тартып алады және оны жемсауында балға айналдырады. Ара отбасысының басым бөлігін жұмысшы аралар (аналықтарды төлдетуге қабілетсіз) құрайды. Олар шіре мен тозаң жинайды, ұяшықтар тұрғызады, дернәсілдерді қоректендіреді, ұяшықты тазалайды және қорғайды. Ара мен сонаның бізгегі - бұл түрі өзгерген жұмыртқалаушы мүше. Бізгегі тегіс және көп мәрте пайдалану құралы болып табылатын сонадан ерекше арада ол кетік болып келеді. Дұшпанын шаншып алғаннан кейін бізгегі жараның ішінде қалғандықтан,олардың көпшілігі өлім құшады.