Мына диктанттың қай жерінде абзац қойылады білмей тұрмын?
Апам...
Ол кезде мен бала едім. Апам жастау еді. Әке-шешеміз қиыр жайлап, шет қонып мал соңында жүретін де, айында-жылында ғана болмаса, бет-жүзін үнемі көре бермейтінбіз. Соғыстан кейінгі жылдарда есін жиып, езілген еңсесі көтеріле бастаған елдің берекелі де бейбіт тірлігі жар жағасында отырған жалғыз үй, әрине, бізге де ортақ. Қос бөлмелі шатырланбаған тоқал ағаш тамның маңайы қысы-жазы жыбырлаған, айғайлап-шуылдаған балалардың базарына айналатын. Біздің үйден тас лақтырым жерден арқырап ағып жатар ағыны қатты Бұқтырма - жаз шыға суға шомылған, қыста сырғанақ тепкен баланың жер-көкті шарқ ұрып шарласа таба алмас қызыққа толы мекені еді. Тоң болып қатқан пимасын, сүңгілесе су болған көйлек-дамбалын біздің үйге келіп кептіретін. Сонда Апам менің ғана емес, бүкіл ауыл балаларының абзал анасы сықылданатын.
Он бес жасыма дейін Апамның қойнына жаттым; он бес жасыма дейін әкенің кім екенін білмей, сол айналайын Апамның тәрбиесінде өстім; он бес жасыма дейін Апамның етегіне жабысып, соңынан қалмай, бүлкектеп, құлындай еріп ер жеттім. Сол кісімен жүрсем, мал сойған үйдің құлағы, тәттісі мен дәмдісі аузыма тиетін. Мен ол кезде Апамның өмір тарихын, тіпті, кім екенін білмей, алаңсыз шуақты күндерге марқайып, маңар едім. Бүгін де көз алдымда — арық ашаң кемпір, тарамысты мықты саусақтар, ерні мен иегін күйік шалып тыртықтанған әдемі ажар, кимешегінен дудырап шығыңқырап жүретін ақ шалмаған қара бұйра шаш қана... менің көз алдымда – тері илеп, көн тігіп, жүн түтіп, арқан ескен, жіп иіріп, алаша тоқып, оюлап сырмақ тігіп отырған Апам; ...ертеректе қазақ әйелі не істеу керек болса, түгел қолынан келетін Апам; қазақ әйелінің ғана емес, ер-азамат атқарар істі қара нардай қасқая көтерер Апам.