Әбілхан Қастеев (1904 —1973 жж.) — қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі. Туып-өскен жері — Алматы облысына қарасты Жаркент төңірегі. Топырақ бұйырған жері — Алматы қаласы. Қазақстанның халық суретшісі (1944). Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы (1945-1956).
ӨміріӨңдеу
Еңбек жолын Түрксіб темір жол құрылысында жұмысшы болып бастады. Мәскеудегі көркемсурет студияcында Н.Г.Хлудов пен И.Бродскийден сабақ алды (1929-1936). Халық өмірінің алуан көріністерін шынайы бейнелеген мыңнан астам көркем туындыларды дүниеге келтірген.
Әбілхан қолөнерге, одан соң суретшілік өнерге жастайынан бейім болған. Анасы Айғанша кілем, алаша, бау-басқұр тоқуға, сырмақ сыруға, шым ши жасауға шебер адам болыпты. Әбілхан осы халық өнеріне бала кезінен көз қанықтырып, анасына ою-өрнектер салуға көмектесіп, сурет өнеріне қолын үйретіп өседі. Оның 1930-1931 жылдары салған "Қарындастың портреті", "Автопортрет" атты туындылары тұпнұсқаға ұқсастығымен және кейіпкер болмысын ашуға деген талпынысымен ерекшеленеді. Ол бірте-бірте ел өмірінің алуан салалы тіршілік-тынысына ден қойып, тарихи-әлеуметтік өзгерістерге суреткер зердесімен қарай бастайды. Оның "Мектепте" (1930), "Түрксіб" (1932), "Жамбылдың портреті" (1937), "Ескі және жаңа тұрмыс" (1937-1941), "Амангелді сарбаздары" (1970), "Жас Абай" (1945) сияқты туындылары дарынды суретшінің өткен мен бүгінді шыншылдықпен бедерлеген көркем шежіресі іспеттес.