Аңырақай шайқасы (1729 ж., кей деректерде 1730 ж.) — біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі.[1]
Саяси және әскери бірлікке қол жеткізген үш жүз жасақтары 1728 жылы бастап, Балқаш пен Шу бойына қарай жылжып, ұрысқа әзірлене бастады. Бұл кезде жоңғарлар қазақ жерін тұтастай иелену ниетінде еді. Қазақтардың әрекетін сезген олар да Шу мен Балқаштың оңтүстігінде үлкен шеп құрды.
Үш жүз жасақтары шешуші шайқас алдында Хантауында, Сұңқар тауында (кейін бұл жер Әбілқайыр тауы аталды) жиналды. Шайқас солтүстігі Балқаш, оңтүстігі Отар даласы, батысы Шу, шығысы Күртіге дейінгі аралықтағы жерлерде өткендігін осы өңірлерде жиі кездесетін қазақ, қалмақ қорымдары дәлелдейді.