Сәтбаев Қаныш Имантайұлы (1899-1964) – аса көрнекті қазақ геологы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұнғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы. Туған жері – бұрынғы Семей губерниясының Павлодар үйезіндегі Аққелін болысы (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы).
Геологиялық барлау мамандығы бойынша Томск технологиялық институтының тау-кен факультетін бітіріп келгеннен кейінгі Қ.Сәтбаевтың бүкіл өмірі Қазақстанның минералдық ресурстарын және рудалық кендер генеологиясын зерттеуге арналған. Оның геологиядан басқа ғылымдардан да, мәдениет саласында да, тарихта да қалдырған ізі сайрап жатыр. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуға тақағанда, жағдайдың аса қиын ауырлығына қарамастан, Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыру жұмысына басшы болып, оның ісіне бел шеше араласуы ұлыларға тән көргендіктің белгісі еді. Оның қалдырған ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе, Жезқазған кені туралы зертеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәні ерекше. Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жатуы – кезінде осы кеннің жоспарлары түрде кең масшатбтағы барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі объекті екенін дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ ол минералдық шикізатқа бай Сарыарқа, кенді Алтай, Қарағанды, Қаратау секілді аймақтарға да ерекше назар аудара зерттеп, олардың кендерінің стратиграфиясы, тектоникасы, құрлысы, металлогениясы, неохимиясы және шығу тегі туралы маңызды ғылыми қорытындылар жасады, ғылымға формациялық металлогендік анализдің кешендік әдісін еңгізді. Көптеген тәжірибелі мамандар қатыстырыла отырып, Қаныш Сәтбаевтың еңбегінің нәтижесінде Сарыарқаның металлогендік және болжам қарталары жасалды. Оны өндіріске ендіру арқылы Сарыарқа аймағында қара, түсті және сирек металдардың біраз жаңа кендері ашылды. Біраз кендерге бүтіндей жаңа өндірістік баға берілді.
Ол Қарағандыда металлургиялық завод салуда, Қостанай, Алтай темір және марганец, каратаудың фосфорит кендерін және осылар секілді көптеген ірі нысандарды игеруге, Ертіс-Қарағанды каналының қазылуына, біраз ғылыми-зерттеу институттарының ашылуына тікелей араласып, зор еңбек сіңірді, Қазақстан ғалымдарының зор армиясының ақылшысы, тәрбиешісі болды. Ол-геология ғылымына қатысты әлемдік, одақтық, қазақстандық түрлі дәрежедегі толып жатқан комиссиялардың, комитеттердің мүшесі, басшыларының бірі, бірнеше мәрте КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты, СОКП съездерінің делегаты, КСРО Министлер Кеңесі жанындағы Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі комитеттің президиумының мүшесі. Ол төрт рет Ленин орденімен, Екінші дәрижелі Отан соғысы орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың иегері болған. Оның есімі институттар мен кенметаллургия комбинаттарына, Қазақстан қалаларының көшелеріне, мектептер мен шаруашылық аттарына берілген. Сондай-ақ Алатаудың бір шыңы мен мұздағы, Қаратаудағы ванадий кенінің рудасынан табылған бір минерал (сатбаевит) оның атымен аталады. Оған арналған бірнеше мұражайлар бар.