Пожалуйста помогите перевести! Вот текст:
Кітабымен жүрегіңді жылытқан жазушының бәрін де жақсы көресің. Бірақ солардың ішінде өз көңіліңе өте ұнап, өзгелерден ыстық боп танылғандары болады. Оны көрмесең де білесің, танымасаң да танитын сияқтанасың. Айта берсең ол сенің ең жақын адамың, тіпті туысың тәрізді болып тұрады. Алыстағы ағайыныңның анда-санда жазар сәлем хатын сағына күтетіңдей, жақсы көрер жазушының жаңа шығармасын аңсай тосасың. Оның не жазып жатқаны жөнінде газет бетінен екі-үш жол ғана хабар оқысаң, көңіліңе оның өзі де едәуір медеу боп қалады.
Ал енді ол кітап дүкенге келіп түскенде, сенің қуанышыңда шек болмайды. Баспахана бояуының исі аңқыған ол кітаптың сыртын үйіңе жеткенше әлденеше рет сипап та қоясың, тезірек отырып, оқуға асығасың. Ал оны оқи отырып, жаның рақаттанады, жүрегің оттай алаулайды... Өкпеңді толтыра терең-терең тыныс алып, ғашығымен кездескен жандай аса бір ләззатты ыстық күй кешесің... Сен ол кезде жазушының кім екенін мүлде ұмытасың. Сенің көз алдыңа сол кітаптағы оқиға ғана, соның кейіпкерлері ғана тұрады. Жақсы кейіпкер жаныңа қанат бітіріп, сені жақсылыққа, адалдыққа, әділдікке, адамгершілікке талпынтады. Сүйген асыңның бойға қан боп тарап, тіршілігіңе қуат берері тәрізді, сүйікті кітап кейіпкерлері де өмір бойы сенің жадыңда жүреді, жүрегіңе лүпіл, жаныңа жылу береді. Оқушы ретінде менің де жан-тәніммен жақсы көрер, өзгелерден ерекше бағалар кітаптарым бар.