Қастеев, Әбілхан (1904-1973) – қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ ССР-ы халқының суретшісі.
Туып-өскен - жері Алматы облысына қарасты Жаркент қаласының жанындағы Шежін ауылы. Топырақ бұйырған жері Алматы қаласы.
1929 жылдан 1931 жылдары Қастеев Николай Гаврилович Хлудовтың көркем студиясында оқыды (Хлудовтың Қазақстанда тұрған кезінде). Содан кейін білім алуын 1934 - 1937 жылдары Мәскеу қаласында Крупская атындағы көркем студиясында жалғастырды.
Қазақстанның халық суретшісі (1944). Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы (1945-1956). Еңбек жолын Түрксіб темір жол құрылысында жұмысшы болып бастады. Москвадағы көркемсурет студияларында Н.Г.Хлудов пен И.Бродскийден сабақ алды (1929-1936). Халық өмірінің алуан көріністерін шынайы бейнелеген мыңнан астам көркем туындыларды дүниеге келтірген.
Әбілхан қол өнеріне, одан соң суретшілік өнерге жастайынан бейім болған. Анасы Айғанша кілем, алаша, бау-басқұр тоқуға, сырмақ сыруға, шым ши жасауға шебер адам болыпты. Әбілхан осы халық өнеріне бала кезінен көз қанықтырып, анасына ою өрнектер салуға көмектесіп, сурет өнеріне қолын үйретіп өседі. Оның 1930-1931 жылдары салған «Қарындастың портреті», «Автопортрет» атты туындылары түпнұсқаға ұқсастығымен және кейіпкер болмысын ашуға деген талпынысымен ерекшеленеді. Ол бірте-бірте ел өмірінің алуан салалы тіршілік тынысына ден қойып, тарихи әлеуметтік өзгерістерге суреткер зердесімен қарай бастайды. Оның «Мектепте» (1930), «Түрксіб» (1932), «Жамбыл портреті» (1937), «Ескі және жаңа тұрмыс» (1937-1941), «Амангелді сарбаздары» (1970), «Жас Абай» (1945) сияқты туындылары дарынды суретшінің өткен мен бүгінді шыншылдықпен бедерлеген көркем шежіре іспеттес