Қарағанды облысы — облыс Қазақстанның орталық бөлігінде, Солтүстік Мұзды, Үнді, Атлант және Тынық мұхиттарынан тең қашықтықта Еуразия құрылығының дәл ортасында орналасқан. Ауа-райы қатал континенталды және тым құрғақ болып келеді. Облыс Қазақтың ұсақ шоқылы қыраты – Сарыарқаның бөлігін алып жатыр.
Қазіргі таңда Қарағанды облысы – аумағы жағынан және өндірістік әлеует бойынша ең ірі, минералдар мен шикізатқа бай облыс. Облыс аумағы жаңа шекараларда 428 мың шаршы километрді құрайды (Қазақстан аумағының жалпы көлемінің 15,7 % ). Облыста Қазақстанның барлық тұрғындарының оннан бір бөлігі тұрып жатыр.
Солтүстікте Ақмола облысымен, солтүстік шығыста Павлодар, шығыста – Шығыс Қазақстан, оңтүстік шығыста – Алматы, оңтүстікте – Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, батыста – Ақтөбе, солтүстік батыста – Қостанай облыстарымен шекаралас.
Қарағанды облысы 1932 жылы 10 наурызда құрылған. Ең алғашқы орталығы Петропавл қаласы болған. 1936 жылы Солтүстік Қазақстан облысы құрылғаннан кейін, орталық Қарағанды қаласына көшірілді.