Кедейлік – жеке адамның, отбасының немесе әлеуметтік
топтың қажетті игіліктер құнын өзі төлей алмайтын экономикалық жағдайы,
яғни өзінің өмірлік қажеттерін қамтамасыз етуге жағдайының жетіспеуі
немесе негізгі тұрмыстық қажеттерін қанағаттандыру мүмкіндіктерінің
жоқтығы. Кедейлік салыстырмалы түрде белгілі бір қоғамдағы тұрмыстың
деңгейіне, қоғамдық байлықтың бөлінуіне байланысты болатын процесс. Оның
пайда болуының негізгі себептері – саяси, экономикалық және
демографиялық жағдайлар, саяси-экономикалық дағдарыс, жұмыссыздық,
жалақы мен зейнетақының күнкөріс минимумынан төмендігі, халықтың
әлеуметтік тұрғыдан нашар қорғалуы.
Кедейліктің асқынуы халық бұқарасының жаппай қайыршылануына апарып
соқтыруы мүмкін. Кедейлік, материалдық жоқшылық рухани кедейлікке
ұласады. Мұның салдары елде түрлі қылмыстың етек алуына, азғындыққа
апарып соқтырады.Кедейлік әлемнің барлық елдерінде бұрын да болған,
қазір де бар. Жер шары халқының саны 1960 жылы 3 миллиардтан көбейіп XXI
ғасыр басында 6 миллиард адамды құрап отыр. Соңғы 30 жылда шектен
шыққан кедейлікте өмір сүретін адамдар үлесі екі есеге азайды. Бүкіл
әлемде азаматтардың көпшілігі өзін және өз отбасын жеткілікті деңгейде
қамтамасыз ете алатын жағдайға жетті. Алайда, халық санының артуына
байланысты мұқтаждықта өмір сүретіндер саны, кедейлікпен күрес жөніндегі
екіжақты және көпжақты бастамаларға қарамай, сол күйінде өзгермей отыр -
1,2 миллиард адам қазіргі әлемде кедейліктің сипаты әртүрлі: ашаршылық,
таза ауыз судың және қарапайым санитарлық жағдайдың жоқтығынан жапа
шегуші балалар, өз отбасын қамтамасыз ету мүмкіндіктері жоқ ересектер.
1,2 миллиард астам артық адам бір күнде бір доллардан кем ақшаға өмір
сүруде 800 миллион адамнан аштық зардабын шегуде. Кедейлік мәселесі қара
ниетті басқарудың, саяси тұрақсыздықтың, қақтығыстардың, жұқпалы
індеттердің және табиғи апаттардан қорғансыздықтың негізінде қоғамның
әлеуметтік-саяси құлдырауы салдарынан қиындай түсуде. .
Байлық — қоғамға және жеке адамға қатысты материалдық игіліктер мен рухани құндылықтарды білдіретін ұғым. Байлық рухани және материалдық болып ажыратылады. Рухани Байлық ұғымы әлемде немесе белгілі бір елде жасалған рухани қазыналардың жиынтығын, сол қазыналарды игеруді мұрат тұтқан жеке адам басындағы сезім, ақыл, парасат, өнер, білім
қабілеттерін қамтиды (қ. Руханият). Ал, материалдық Байлық ұғымы
адамзат қауымына, жеке мемлекетке не адамға тиесілі материалдық
игіліктерді білдіреді. Ол алғашқыда адамдардың күнделікті табиғи қажетін
қамтамасыз ету мақсатымен сол адамдардың әрекеті арқылы жасалып,
кейіннен меншіктену процесі барысында әлеуметтік қарым-қатынас құралына
айналған. Сондықтан адамдар қарым-қатынасындағы билік, әділдік ұғымдарын
қарастырып, адамзат қоғамында үйлесімділікке жету жолдарын іздеген
ойшылдар Байлық ұғымын айналып өте алмаған. Жеке меншігіндегі
материалдық игіліктерді еселеп өндіріп, мемлекетті (қоғамды) дамытуға
ықпал еткен іскер адамдардың тәжірибесін талдаған зерттеулер мен тұтас
мемлекеттегі, аймақтағы, әлемдегі материалдық игіліктерді молайту
әдістерін ұсынатын экономикалық теорияларда Байлық әлеуметтік
құндылықтардың бірі ретінде бағаланады. Байлықтың жеке меншіктік,
қоғамдық және мемлекеттік түрлерінің тиімділігі мен әділдігі мәселесіне
қатысты бір-біріне қарама-қайшы философия және социологиялық көзқарастар
қалыптасқан. Маркстік дүниетаным материалдық игіліктердің, оның ішінде
еңбек құралдарының жеке меншікте болуы, көбірек пайда табу мақсатымен
адамды адамның қанауына соқтырып, халықтың көпшілік бөлігінің Байлықтан
жатсынуын туғызады деген біржақты көзқарасты ұстанды. Осындай көзқарас
негізінде материалдық игіліктерге ортақ меншік орнатып, әлеуметтік
әділетті жүзеге асырудың мүмкін еместігін әлемде социологиялық жүйенің
күйреуі көрсетіп берді. Кез келген қоғамда адамдардың рухани және
материалдық Байлыққа қол жеткізуіне жағдай туғызылғанда ғана сол
қоғамның дамуы орнықты болады. Мұндай қоғамдағы мүмкіндікті ақылмен
пайдаланып, қажымай күш-жігер жұмсағандар бай болады. Ал, жалқаулық пен
енжарлыққа бой салғандар кедейшілікке ұрынады. Бұл пікірді Абайша
білдірсек, “Байлықты, кедейшілікті
жаратқан — құдай, бай қылған, кедей қылған құдай емес”. Дәстүрлі қазақ
қоғамында материалдық Байлықтан рухани игілікті жоғары қоятын “Малым — жанымның садағасы, жаным — арымның
садағасы” деген моральдық ұстан қалыптасқан. Осы рухани принцип қазақ
қоғамындағы әлеуметтік құндылықтар мен құқықтық нормалардың имандылыққа, әділеттілікке негізделуіне себепші болды. Соған қарамастан қазақ халқы Байлықты адам мұратының, әлеуметтік құндылықтардың бірі ретінде бағалаған. “Түстік өмірің болса, күндік мал жи” деген нақыл
соның айғағы. Мал — дала өркениетіндегі Байлықтың басты өлшемі болды.
Мыңғырған мал өсірген байлар дәстүрлі қазақ қоғамындағы экономика және
әлеуметтік жүйенің негізін құрады.