Эктодерма (грек. ektos – тыс, сыртқы және тері) – гаструлалану кезінде түзілетін сыртқы ұрықтық қабат. Эктодерма бластомерлері екі қабат болып жарылған ұрықтың сыртқы жасушалық қабатынан қалыптасады. Ұрық денесінің ұзына бойына Эктодерма клеткалары бөлініп көбейіп, жүйке тақташасына, кейін жүйке түтігіне айналады. Жүйке түтігінде Эктодерма клеткалары қыр тәрізді болып орналасады. Жүйке түтігі мен жүйке қырын құрайтын Эктодерманы нейроэктодерма деп атайды. Нейроэктодермадан: эпидермис (терінің сыртқы қабаты), ми мен жұлын, олардың жүйкелері, сезім мүшелерінің құрылымдары; жүйке қырынан: жұлын мидың жүйке түйіндері (ганглийлері), вегетативті жүйке жүйесінің (симпатик. және парасимпатик.) ганглийлері мен жүйкелері, бүйрек үсті безі бозғылт затының хромаффинді клеткалары дамиды. Эктодермалық астар – мүйізденген көп қабатты жалпақ эпителий.