Наурыз күні таңертең ертемен ерлер қолдарына күрек, кетпен, ал қыз-келіншектер құрт, ірімшік, сүт, піскен ет алып далаға шығады. «Бұлақ көрсең көзін аш» деп қаумаласқан жігіттер айнала төңіректегі бастаулардың көзін ашса, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын, Бір тал кессең, он тал ек!» дескен қариялар бұлақ басына тал егеді. Әйелдер атып келе жатқан Күнге тәу етіп, «Армысың, қайырымды Күн -Ана» деп иіліп сәлем береді, «Кеудесі түкті Жер – Ана, құт дарыт, жарылқа» деп ашылған бұлақ көзіне май құйып, жаңа егілген ағаштарға ақ бүркеді.
Әдетте, Наурыз күні адамдар бақай есеп, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ұжданы алдында арылуы керек. «Ұлық күні алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Жақсылыққа жақсылық – жай адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер жігіттің ісі». Тас атқанға – ас ат» секілді нақылдарды өзек етіп, ту көтерген билер, ақсақалдар ат құйрығын кесісіп, араға жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарханнан дәм татырып, табыстырған, осылайша ел бірлігін күшейткен.
Кеш түсіп, күн батуға айналған кезде, ортаға екі ақын шығып, Жақсылық пен Жамандықтың, Суық пен Жылының, Қыс пен Жаздың күресін бейнелейтін «Өлі мен тірінің айтысын» бастайды. Айтыста күн ұясына бата өлі жеңіледі, зұлымдық иелері – Қалтырауық, Қамыркемпір, Ақпан, Тоқпан, Әзмырзалар тым-тырақай қаша жөнеледі.