Сырдария — Орталық Азиядағы өзен. Ол кейде көне грек тіліндегі ὁ Ιαξάρτης деген аты бойынша Яксарт деп аталады. Өзеннің грекше аты көне парсы тіліндегі Yakhsha Arta («Үлкен маржан») деген сөз тіркесінен бастау алады, бұл өзеннің суының түсінен пайда болған. Ортағасырлық мұсылман жазбаларында өзен жұмақтағы төрт өзеннің бірінің атымен «Сейхун» (سيحون) деп аталған. Әмудария өзені болса «Жейхун» деп аталған, бұл жұмақтағы төрт өзеннің тағы бірінің аты. Қазақстанда жергілікті тұрғындар оны күнделікті тілде «Дария» деп атайды.
Парсы тілінен келген Сырдария атауы ежелден бері қолданылып келеді. Батыс елдеріндегілер болса 20-шы ғасырға дейін бұл өзенді Яксарт атауымен атап келді. Ескендір Зұлқарнайынның жаулап алған жерлерінің солтүстік шекарасы Сырдария өзені арқылы өтті. Грек тарихшыларының айтуы бойынша, Ескендір б.з.д 329 жылы Александрия Эсхата («Ең алыстағы Александрия») деген қаланың негізін қалаған. Ол қала қазір Худжанд деп аталады.
Өзен Қырғызстан мен шығыс Өзбекстандағы Тянь-Шань тауларындағы екі өзеннің: Нарын және Қарадария өзендерінің қосылуынан бастау алады да, 2,212 км қашықтықта орналасқан Арал теңізіне барып құяды. Сырдария өзенінің алабы 800 000 шаршы километрді құрайды, бірақ су іс жүзенде соның тек 200 000-ынан ғана жиналады. Оның біржылдық теңізге құюы — 28 км³ ғана, бұл Әмударияның теңізге құятын суының жартысына тең.[1]
Сырдария өзенінің суы Орталық Азиядағы ең құнарлы мақта өсіретін аймақтарды суғаруға және оның бойындағы Қоқан, Худжант, Түркістан және Қызылорда қалаларын сумен қамтамасыз етуге қолданылады.