Зергерлік бұйымдар (негізінен сәндік безендіру заттары)— асыл металдарды (алтын, күміс, платина және палладийді) әшекейлеп өңдеудің, сондай-ақ түсті металдарды (жез, мельхиор т. б.) қорытудың, олардың бетіне, алтын, күміс жалатудың; көп жағдайда қымбат тастармен, эмальмен т. б. безендірудің нәтижесінде алынатын бұйымдар.
Зергерлік бұйымдардың сынамасыӨңдеу
Әдетте таза, асыл металдардан зергерлік бұйымдар жасалмайды. Оларға қажетті механикалық қасиеттер дарытып, тиісті түс алу үшін түсті металдар қосады, мәселен алтынның күміс және мыспен қорытпасын, кемде палладиймен, кадмиймен, никельмен, мырышпен қорытпасын; күміс пен платинаның мыспен қорытпасын, палладийдің күміспен және никельмен қорытпасын үстемелейді. Қорытпадағы асыл металдың құрамы оның сынамасын айқындайды. Көптеген елдерде сынаманы белгілеудің метрлік жүйесі қабылданған (КСРО-да ол 1927 жылдан бері енгізілген), ол бойынша сынама қорытпаның мың салмақтық бірлігіндегі асыл металдың бөлшек санымен белгіленеді.
1927 жылға дейін Ресейде сынаманы белгілеудің мысқалдық жүйе деп аталатын (96 мысқалдай тұратын орыс фунты негізінде) жүйесі болды. Мұнда сынама қорытпаның 96 бірлігіндегі асыл металдың салмақ өлшемімен белгіленетін.
АҚШ-та, Ұлыбритания мен Швейцарияда караттық жүйе қабылданған. Бұл бойынша асыл тастың 1000-сынамасы 24 шартты бірлікке сәйкес келеді.
Кестеде КСРО-да қалыптасқан метрлік өлшем келтіріліп, олардың мысқалдық және караттық жүйеге аударылуы көрсетілген.
Зергерлік және басқа бұйымдар дайындауға рұқсат етілетін асыл металдар қорытпасының сынамасы заңды түрде белгіленіп, мемлекет кепілдігінде болады. Бұл үшін бұйымдар сынамалық бақылаудан өтіп, оларға сынама таңбасы қойылады. Бұйымдарта таңба салу үшін түрлі елдерде суреті мен пішіні әр түрлі бақылау белгілері қолданылады; КСРО-да ол эмблемадан (бесжұлдыз аясындағы орақ пен балға) және метрлік жүйенің үш белгілі санынан тұрады.
Алтынның 583-сынамалы қорытпасы неғұрлым кең тараған; бұл сынаманың қорытпасының түсі құрамына енген түсті металдардың сандық қарым-қатынасына қарай әр түрлі болуы мүмкін. Мысалы, егер 583-сынаманың қорытпасында алтын 58,3%, күміс шамамен 36%, ал мыс 5,7% болса, қорытпаның түсі жасыл реңк алады; күміс 18,3%, мыс 23,4% болса күлгін-қызғылт; күміс 8,3%, мыс 33,4% болса қызылдау болады.
Гауһар тасты әсемдік бұйымдарды дайындау үшін ақ алтын деп аталатын қорытпа кеңінен пайдаланылады, оның құрамы мынандай; 583 сынамалы алтын қорытпасында күміс 23,7—28,7%, палладий— 13,0—18,0% немесе никель 17,0% мырыш 8,7%, 16,0%; ал 750- сынамалы алтын қорытпасында — күміс 7,0—15,0%, палладий 14,0%-ке дейін, никель 4,0% мырыш 2,4% немесе никель 7,5—16,5%, мырыш 2,0—5,0%, мыс 15,0%-ке дейін болады.
958-сынамалы алтын қорытпасы берік болмайды. Сондықтан кең қолданылмайды. 375 сынамалы алтын қорытпасының құрамында алтын 37,5%, күміс 10,0%, мыс 48,7%, палладий 3,8.% болады.
Күмістің 875-сынамалы қорытпасы неғұрлым кең тараған. Оны әшекей заттарын және ыдыс-аяқ жабдықтау үшін пайдаланылады. Күмістің 916-сынамалы қорытпасы эмаль жалатқан ыдыстарды дайындау үшін; 960 сынамалы қорытпасы — нәзік өрнекті ыдыстар жасауға қолданылады. Платина мен палладийдің қорытиасы зергерлік істе болар-болмас мөлшерде пайдаланылады. Күміс және жез бұйымдардың тым тез тотығып кетпеуі үшін және олардың әсемдік қасиеттерін жақсарту мақсатында бетіне электролиттік тәсілмен 999 сынамалы алтын немесе 999-сынамалы күміс жалатады.