Мурат195 турасында екінші томға арнап жазған мақалаңыз, негізінде, бұл кітаптың ішіне кіруге жарамды еңбек болған. Бірақ аса көңілсіз бір жәй бар. Ол — еңбегіңіздің алғашқы кіріспе бөлімі жөнінде. Осы бөлімде (көлемі 8 бет) өзіңіз жазбай, кісіге тапсырғандықтан, көп шикіліктер көрінеді. Сол бөлімнің әр бетіне нақтылап жазылған сын-талаптарымыз аз емес. Ең алдымен сондағы пікірлерді еске алуды талап етеміз. Екінші бөлім (9-беттен бастап) зерттеулік ой жағынан, тіл, стиль жағынан да дұрыс шыққан. Бірақ ол бөлімге айтылатын екі түрлі елеулі ескерту, талап бар. Ең алдымен, Мұраттың бар шығармасын жекелеп мол талдап тексермесе де, арнаулы тақырыптармен атап тұрып, жеке-жеке қысқа-қысқа шолулар, сындар айтып беру қажет. Ол сындар, осы зерттеудің екінші бөлімінде жинақталып айтылған дұрыс сыншыл, идеялық талаптардың анықтамасы, дәлелі, дерегі есебінде, Мұрат шығармаларының өзіне сүйеніп отырса, аса орынды болады.
Екінші талап — барлық Мұрат жайындағы тексерудің аяғына оның шығармаларының түр ерекшелігін қоса талдап беру керек. Бұл жөнде, орта мектепке оқу құралы беретін тексерулермен келісіп қана тоқтау аз болады. Түр жөніндегі тексеру де осы мақаланың өзіндегі тарихтық, идеялық сыншыл тексерудің дәрежесіне сай болу шарт. Түрдің тексеруі де тереңдеп, өсе түскен тексеру болсын. Мазмұнынан танылған олқылық қайшылықтар түрде де (әр алуан сөздікте, теңеулерде, аңсау армандарда) танылатыны даусыз. Осы сыртқы белгілердің барлық элементтерін мазмұндағы кертартпалық ұғым-түсініктермен нық байланыстырып талдау керек. Әзірге автордың өзі жазған бөлімге қойылатын талап осы.
Ал осы еңбектің алғашқы кіріспе бөлімін (сегіз бет) қайта жазып шығу керек. Және соны жазудан бұрын, Алтынсарин мен Абай жөніндегі, осы томға кіретін мақалаларды түгел оқып, танысып шығып жазу керек болар еді. Себебі, Мұрат турасындағы кіріспеде, томның жаңағы сияқты өзге бөлімдерінде толығырақ жазылған жайлар, көп қайталайды. Бұл кіріспеде Мұраттың өзі туралы жөнді еш нәрсе айтылмайды. Ал кіріспенің мақсаты, Мұраттың әдебиетте алып келген орнына және оның белгілі қоғамдық ортамен нық байланысты салт-санасына арналу керек. Сол себепті, кіріспені қайта жазғанда, мына төмендегідей нақтылы ескертулер есте болса екен.