Составьте вопросы к тексту
Қазақстанда 1991 жылдан бастап сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында көптеген шаралар іске асырылды. Қазақстан өзінің барлық көршілерімен жақсы қарым-қатынастар орнатты. Сыртқы саясаттың негізгі діңгегі – көпвекторлық жол, яғни көп бағыттылық. Өткен уақыт ішінде Қазақстан Республикасын дүние жүзінің 180-нен астам мемлекеті таныды. Қазақстан 120-дан астам елмен дипломатиялық қатынастар орнатты. Шет елдерде 40-тан астам дипломатиялық және консулдық өкілдіктер ашылды. Ал Алматы мен Астанада 50-ден астам шетелдік елшілік пен миссия, халықаралық және ұлтаралық ұйымдардың ондаған өкілдігі жұмыс істейді.
Қазақстан өзінің сыртқы саясатында ең жақын және ірі көрші мемлекеттер – солтүстікте Ресеймен, ал шығыста Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше назар аударып келеді. Қазақстан мен Ресей арасында 1992 ж. 25 мамырдағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы шартқа қол қоюдың зор тарихи маңызы бар.
Ресей мен Қазақстан арасында ынтымақтастықтың одан әрі дамуында 1998 ж. 6-шілдеде Мәскеуде қол қойылған мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы Декларация маңызды рөл атқарды. Оның негізінде екі мемлекет арасындағы қаржылық өзара келіспеушіліктерді реттеу және Байқоңыр космодромын бірлесіп пайдалану мәселелері шешілді.
2003 жыл Ресейдегі Қазақстан жылы, 2004 жыл Қазақстандағы Ресей жылы ретінде мемлекеттік деңгейде аталып өтті. 2004 жылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 7 млрд. долларға жетті, мұның өзі 2003 жылғы сондай көрсеткіштен 40% дерлік .
Тәуелсіздік жылдары оңтүстік-шығыстағы үлкен көрші мемлекет - Қытай Халық Республикасымен тату көршілік және достық қатынастар орнатуда едәуір табыстарға қол жетті. 1990 ж. Қазақстан мен Қытайдың темір жол арқылы өзара байланысы іске асты, сөйтіп, біздің республика Тынық мұхит жағалауына ең қысқа жолмен шығу мүмкіндігіне ие болды. Екі елдің арасында сауда соңғы жылдары ондаған есе өсті.
Қазақстанның сыртқы саясатында АҚШ-пен қарым-қатынасының маңызы өте зор. АҚШ Қазақстан Республикасын тәуелсіз мемлекет ретінде таныған 1991 ж. 25 желтоқсаннан бастап, екі мемлекет арасында елші дәрежесіндегі толыққанды дипломатиялық қатынастар орнады.