Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн,
оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті
мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған.
Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың
ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2.
Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның
авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман
Уәлиханов. Мемлекеттік елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс
аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі.
Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған.
Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі
орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал
төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың,
уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ
«Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді. Қазіргі «Менің Қазақстаным» әнұранының авторлары Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов және Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.