Табиғат! Осы бір жүрекке жылы, көңілге көтеріңкі сезім сыйлайтын салиқалы да салмақты сөзде қаншама терең тұжырым, ұлағаты мол ұғым, мағыналы да мазмұны ауқымды ой жатыр десеңізші!
Табиғат – барлық тіршілік атаулының құтты қоныс-мекені, алтын ұя- бесігі, бар байлықтың ырыс, қазынасы. Ал, адам үшін табиғат ең қасиетті де, қастерлі ұғым! Өйткені адамның өзін дүниеге алып келген аяулы да ардақты Анасы, сондықтан да адамның табиғатты «Ана» деп құрметтеуінде де өте терең танымдық та, тағылымдық және тәрбиелік мәні зор ұғым жатыр.
Туған жерді Анам демей не дейін,
Туған жерді панам демей не дейін.
Туған жермен асқақ менің ән-жырым,
Туған жермен асқақ менің мерейім.
(Жұбан Молдағалиев)
«Табиғат – Ана», «Жер – Ана», «Отан – Ана» деген киелі сөздердегі «Ана» деген сөздің қосылып айтылуында зор мән бар, яғни бұл сөздер адамды дүниеге әкелуші, әрі оған өмір сыйлап, өз перзенттеріндей аялы алақанымен аялап, жүректегі ең ыстық ықыласы арқылы бүкіл мейірім шапағатын арнайтын аяулы да ардақты «Ана» деген ұғымды нақтылай түседі. Табиғат, Жер – Ана, туған жер, атамекен, ауылым деген жанға жайлы, сезіміңді сергітетін сөздер бір-бірімен үнемі үндесіп, құлаққа жағымды естілетін бір-бірімен мағыналас мазмұны бай сөздер.
Белгілі ғалым, әрі жазушы Әсіп Сапабек ағамыз өзінің «Қазақ қасіреті» деп аталатын құнды еңбегінде «намысы жоқтың елі жетім, қорғаны жоқтың жері жетім»- деген халық даналығын келтіре отырып, нақтылы деректер арқылы қазақ жерінің қадір-қасиетін, оны қорғай білген данышпан бабаларымыз жайлы құнды деректерді көптеп келтірген. Әсіресе, біздің заманымызға дейінгі кезеңде өмір сүрген ғұндар ханы Мүде бабамыз өзіне көршілес ханның жер сұраған өтінішіне үзілді – кесілді қарсы шығып, туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілігі кімді болса да ойландырмай қоймайды.
Мүде хан көрші ханның өтінішіне орай, «Жерді беру деген не сұмдық. Жер дегенің елдің тірегі емес пе? Жерсіз ел бола ма?... жер ұрпаққа қалдырар жалғыз мұраң. Жерді беру – ұрпағыңды сол мұрадан айырып, ертең біреуге тәуелді ету. Жерден айырылу – елдігіңнен, ерлігіңнен, еркіңнен айырылу. Жерді беремін деу – ұрпақтың жауы! Қасиетті Жер – Ананы ел дұшпанына берейік дегендердің басы кесілсін! Қасиетті Жер – Ана үшін өлім ақ өлім! Жер берілмейді» - деген екен. Мұндай даналық ойды қазіргі кезде санамыздан тыс қалдыруға мүлде болмайды.
Бұрынғы ата-бабаларымыз Жер-Ананың, киелі судың қасиеттерін ерекше бағалай білген. Ертедегі Түрік қағандығының көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшысы, әрі ойшыл кемеңгері Тоныкөкке (646-731) орнатылған ескерткіште мынадай жазу бар:
«Тәңірі Ұмай, қасиетті Жер-Су,
Бізді қорғайды, ойлану керек».
Мұндағы «Жер-Су бізді қорғайды» деген сөздерде терең тұжырым бар. Халқымыздың сан ғасырлық өмірден түйген, көкірек көзінің сүзгісінен өткен даналық нақыл сөздерінің әрі дүниетанымдық, әрі тәрбиелік мәні зор. «Ханның қасында болғанша, бұлақтың басында бол» - деген өсиет нақылда мағынасы мазмұнды ұғым жатыр емес пе?!
Ерте дәуірдегі түркі мемлекетінің көрнекті әскери қолбасшысы Күлтегін (684-731) өз елі мен жерін қорғауды ұрпақтарына өсиет етіп қалдырған. Белгілі ғалым әрі ақын Әдібай Табылдиев ағамыз «Күлтегіннің өсиеті» деген жыр жолдарында арғы бабаларымыздың ұлағаты мол аманатын былай деп жеткізген:
...Жер - ананың гүлзары боп орнаңдар,
Ел - ананы басқыншыдан қорғаңдар.
Халқын бай қып көркейтіңдер сақталсын,
Алтын байлық өзен-көлдер, ормандар.