Қызыл қасқыр
Қызыл қасқыр – қасқыр тұқымдасына жататын жыртқыш аң. Қазақстанда Тянь-Шань мен Жетісу (Жоңғар) Алатауында кездеседі.
Дене тұрқы 100-110 сантиметр болып келеді. Арқасы қызыл қоңыр, екі бүйірі солғын қызыл түсті. Қызыл қасқыр жаз айларында альпі және субальпі белдеулерінде 2500-4000 метр биіктікте, таутеке мен арқар жайылатын жерлерде қоныс аударып тіршілік етеді. Баспана ретінде түрлі қуыстар мен басқа аңдардың тастап кеткен індерін пайдаланады. Терісі бағалы аңның саны өте аз. Соңғы 40 жылда Қазақстанда қызыл қасқырдың кездескені туралы дерек жоқ.