-Біріншіден ажырасу туралы айтайын. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің 19 бабына сәйкес, сіздерде ортақ кәмелетке толмаған балалар болуына байланысты сіздердің некелерініз сот тәртібінде бұзылады. Сіз некені бұзу туралы талап-арызды өзіңіздің тұратын жердегі сотқа бере аласыз. Мұны ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 32 бабы қарастырады.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының кодексінің 22 бабына сәйкес, некені бұзу туралы шешімінде сот:
1) неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғаннан кейін кәмелетке толмаған балалар ата-аналарының қайсысымен тұратындығын айқындауға;
2) ата-аналардың қайсысы және қандай мөлшерде балаларды күтіп бағуға алименттер төлейтінін айқындауға;
3) кәмелетке толмаған балалардың және (немесе) ерлі-зайыптылардың өздерінің мүдделерін ескере отырып, ерлі-зайыптылардың талап етуі бойынша олардың бірлескен ортақ меншігіндегі мүлікті бөлуге;
4) жұбайынан ақша қаражатын алуға құқығы бар екінші жұбайдың талап етуі бойынша осы қаражат мөлшерін айқындауға міндетті.
Осыларға қатысты талаптарыңызды сіз бірден сотқа берген талап-арызынызда қарастыруыңыз керек. Себебі сот тек сіздің талабыңыздың шеңберінде шешім шығара алады.