Тірі жан тіршілік етпейтіндей көрінетін аспанмен таласқан тау мұздықтарында қар барысы мекен етеді. Қазір бұл аймақтарда қанша барыс бар екенін ешбір ғалым дөп басып айта алмайды. Мысық тұқымдас жыртқыш аңның дене тұрқы – 125-135, биіктігі – 60 , құйрығы – 90-100 сантиметрге дейін жетеді. Ал, салмағы – 30-40 келі тартады. Түсі – көк сұр, теңбіл-шұбар, сақина тәрізді дөңгелек қара дақтары бар. Жүні ұзын әрі қалың. «Соңғы жылдары ғалымдардың шетелдік ғалымдармен бірігіп жұмыс істеуінің арқасында фототұзақ арқылы нақты мәліметтер жиналып жатыр. Әсіресе, Іле Алатауы, Ақсу-Жабағылы, Көлсай көлдеріне арнайы фототұзақтар қойылған»,-дейді биология ғылымдарының кандидаты Қылышбай Мұсабек. Барыс Қазақстан мен Орталық Азияның биік тауларында кездеседі. Ең көп жүретін жері – басын мәңгі қар басқан тік беткейлер мен қиялар. Қысқы қалың қарларда таудың орманды белдеулеріне дейін төмен түседі. Бұл түз тағысы тұяқты жануарларды, әсіресе, арқарды, тау ешкілерді, құстардан ұлар мен кекілікті қорек етеді. Жортуылға негізінен іңірде немесе түнде шығады. Бүгінде дүниежүзі бойынша барыстың жалпы саны 4000-ға да жетпейді екен.