Махмұд Қашқари (толық аты-жөні Махмұд ибн Әл-Құсайын ибн Мұхаммед) (1029–1101) – түркі тілдерінің тұңғыш сөздігін құрастырушы, энциклопедист-ғалым, атақты «Диуани луғат-ат-түрік» еңбегінің авторы. Қашғарда туып, Баласағұн қаласында өмір сүрген. Қарахандар ақсүйектері ортасынан шыққан. Әкесі Құсайын Мұхаммед Мауреннахрды жаулаушы Боғырханның немересі. Ол Қашғарда білім алып, Бұхара мен Бағдадта оқуын жалғастырған. Түркі халықтарын түгелге жуық аралап, заң ілімі, арифметика, Құран, шариат пен хадис бойынша білім алды. Араб-парсы тілдерін, әдебиеті мен мәдениетін меңгерді. XI ғасырда «Диуани луғат-ат-түрік» еңбегін жазып, түркі тілдерінің мәртебесін көтерді. Кітапта тек түркі сөздерін теріп жазып, өзге тілден енген сөздерді қолданбаған. Ғалым бұл кітапта Бағдад оқымыстысы Әбдірахман әл-Басридың (VIII ғ.) «Китабул айни» атты еңбегі негізінде түзген. Сөздіктің түпнұсқасы жоғалған. А. Абулфатхтың 1266 жылы жасаған көшірмесі 1915 жылы Ыстамбұл базарында ескі заттарды сатушының арбасынан табылған. Қазір Ыстамбұлдағы Фатих кітапханасында сақтаулы тұр. 3 томнан, 8 кітаптан тұратын еңбекте 6800 түркі сөзі ғылыми жүйеге түсірілген. Ғалымның бұл кітабы ерте орта ғасырлық түркі халқының энциклопедиясы сияқты. Ол түркітану тарихында тұңғыш рет тарихи-салыстырмалы әдісті қолданып, диалектология ғылымының негізін салды. Түркі тайпаларының ерекшеліктерін сақтай отырып, тіл байлығын зерделеу, айтылу, жазылу, заңдылықтарын, қолдану аясына қатысты айырым белгілерін зерттеу ғалымның басты ұстанымы болды. Сөздерге түсінік беруде 242 бәйіт пен 262 мақал-мәтелді пайдаланды. Ауыз әдебиетінің жоқтау («Алып Ер Тоңға өлді ме?»), айтыс («Жаз бен қыстың айтысы») үлгілерін де қамтыды.
Дереккөзі: https://www.zharar.com/kz/referat/3090-mahmud.html
© www.ZHARAR.com