Ана тілінің күші мен құдіретін туған халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. «Өнер алды – қызыл тіл», «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» деген сөздері халқымыздың орынды сөзге қандай мән бергенін көрсетеді. Ана тіліміздің тағдыры үшін күресте халқымыз ешқашан қол қусырып отырған емес. Жиырмасыншы жылдары тіл мәртебесін ту етіп көтерген Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Мұхтарлар, сексенінші жылдардың аяғында бостандықтың лебі білінісімен басталған бүкілхалықтық қозғалыс – соның айғағы. Ата – бабаларымыз көксеген, армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Елбасымыздың «Мен жастарға сенемін» деген сөзі бар. Ендігі мақсатымыз –ұлттық рухты, түскен еңсені көтеру. Тіл – таусылмайтын байлық. Қанша тіл білсең, өзгеден сонша кез биіксің. Дегенмен, алдымен туған еліңнің мемлекеттік тілін білуге міндеттісің.
Қазақ тілі - өте бай тіл. Ол шаруашылықтың бар саласын өркендете түсуге себепші күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтере беруші пәрменді құрал, жұртшылықты жаппай отаншылдық рухта тәрбиелеудің басты құралы, қуатты қаруы.
Жасыратыны жоқ, кешегі кеңестік дәуірде шетқақпай болған тілімізге ілесе халқымыздың ұлттық рух, дәстүр – салтының ұмытыла бастауы өтірік емес. Ең жаманы еліміздің бүгіні-ертеңі жастарымыз ғана емес, егде адамдарымызда орыс тілінде сөйлеп, ана тілін жатырқауды шығарды. Әлемдегі ең бай да сұлу, әуезді де салтанатты тіліміздің қадір-қасиетін менсінбейтін халге түсті. «Тілімізді кристалдай таза ұстап, қыз жасауындай жайнатуға тиіспіз»- деген Шоқан Уәлихановтың сөзі дәл бүгінгі ұрпаққа айтылғандай.