Баршаңыз білесіздер, менің алдыма Тұңғыш Президент, Ел Басы туралы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы еліміздің Парламенті қабылдаған заңдар келіп түсті.
Ең әуелі, маған заңды тұрғыдан Ел Басы деген ресми мәртебе белгілегені үшін депутаттарға зор алғыс айтамын. Осы мәртебені қабылдау туралы тілек айтып, он мыңдаған хат жолдаған бүкіл отандастарыма – көп ұлтты Қазақстанның барша азаматтарына шын жүректен ризашылық білдіремін.
Еліміздегі тұрақтылықты одан әрі нығайту мақсатында Парламент аталған шешімді бірауыздан қабылдады.
Бұл ыстық ықыласты маған деген қалтқысыз сенімнің көрінісі деп бағалаймын. Мұны тарих үшін тым қысқа уақыт аралығында, тәуелсіздік жылдарында мүмкін еместі жүзеге асырған, мызғымас шекарасы халықаралық деңгейде мойындалған, байтақ Астанасы көкпен таласып бой көтерген, күйреген әкімшілік жүйені өзгертіп, өтпелі кезеңде күйзелістен аман шыққан, әлемдік тәжірибеге сүйене отырып нарықтық экономиканың өзіндік қазақстандық үлгісін қалыптастырған еліміздің ерен еңбегінің еленуі деп білемін.
Біз саяси тұрақтылықты сақтап, азаматтық әлем мен толеранттылықты, ұлтаралық және конфессияаралық келісімді басты ғұмырлық құндылық ретінде ұлықтап, нығайтып келеміз.
Біздің еліміз ұстанған айқын бағытымен, экономикалық реформалардың қарқыны және тиімділігімен, өзара әріптестікке және ауқымды интеграцияға негізделген серіктестікке ұмтылысымен, ізгілікке құштарлығымен әлемдік қауымдастықтан лайықты орын алды.