Сақтар (сақалар) — б.з.б. 1-мыңжылдықта Орта Азия мен Қазақстан, Шығыс Түркістан аумағын мекен еткен ежелгі тайпа. Олар қуатты тайпалық одақтары массагеттер, исседондар, аландар, каспийлер, сарматтардан тұрған. Бұл халық өзін өзі сака, сақ деп атаған, (аккадша: ashkuza; қыт. 塞 — Sai, көне қытайша: *sək).
Оларды көне гректер скифтер (гр. skythai) деп атаған. Ол туралы грек тарихшысы Геродот өзінің «Тарих» деген еңбегінде, 5 томында, жағрапияшы Страбон «Жағрапиясында» жазып қалдырған. Бұларды грек тарихшысы Страбон «азиялық скифтер» деп жазды. Рим жазушысы үлкен Плиний де осылай деген. Оның жазуынша скифтерді парсылар «саға» («сақа», «сақ» аты осыдан шыққан) дейді. Сақтар аң стилін Алдыңғы Азия мен Иранға жорық жасаған кезінде қабылдаған. Бұл өнер б.д, д. 7-6 ғасырда қалыптасқан. Аң стилі дегеніміз түрлі жануарлардың бейнелерін ыдыс-аяққа, киімге, тұрмыс заттарына, түрлі әшекейлерге, қару-жараққа салған. Сақтар күнге, найзағайға, жел-дауылға табынған. Сақтар мифологиясында сәйгүлік ат күнмен, отпен байланысты болған. Дүниені жаратқан көк тәңірісі Митра, жердікі Варуна, жер астыныкі Индира секілді құдайлар болған.