Үйсіндер — Қазақстанның ең ежелгі тайпаларының бірі. Үйсіндер және қаңлы тайпалары Сақ тайпалары конфедерациясынан б.з.д. III ғасырда бөлініп шықты. Үйсіндер Жетісуды, қаңлылар Сырдария және Талас өзендерінің аңғарларын, оған іргелес Қаратау өңірін және Сарысу өзенінің аңғарын қоныстанды.
«Үйсін Даваннан 2000 ли дерлік солтүстік-Шығысқа қарай. Олар көшпелі иелік, малдарымен бір жайылымнан екіншісіне көшіп-қонып жүреді. Әдет-ғұрып ғұндарменұқсас», — деп жазды Бичурин. Одан әрі: «Үйсін әміршісі Чшу қаласында тұрақтайды» деп жалғастырады
Үйсіндердің шығу тегі туралы аңыз Шығыс үшін дәстүрлі аңыз деуге болады. Аңыз бойынша жаудың шапқыншылығынан кейін айдалада бір жас бала ғана тірі қалады. Оны қасқырдың қаншығы асырайды. Аңда жүргенде баланы ғұн әміршісі тауып алады. Бала өсіп жігіт болғанда оған ғұн әскерін басқартқызады. Жас қолбасшының батылдығы мен ерлігіне тәнті болған ғұн әміршісі оған ата-бабаларының жерін қайтарып алып береді.
Үйсіндер мен қаңлылар өздерінің ізашарлары Яксарт сақтарына қарағанда әлеуметтік дамудың неғұрлым жоғары сатысында тұрған еді. Үйсіндерде мүлік теңсіздігі басқа тайпалардағыдан гөрі ертерек пайда болды. Байлықтың жеке бір отбасында қорлануы рулық ұйымның тірегін өзгертіп, феодалдық қатынастардың пайда болуына әкелді. Үйсін билеушілері мен тайпа ақсүйектері бұрын қауымға тиесілі болған шұрайлы жер өңірлерін өздеріне иемденіп алды, бұл жерлерді қорғалатын жайылымдарға (қорық) айналдырып, онда өздерінің мыңдаған малы ғана жайылатын болды. Мұралану құқығы орнықтырылды.
Үйсіндер ежелгі гректерге исседондар және аспандар деген атпен белгілі болды. Птолемей таулы Азияда ұлан-ғайыр өңірге иелік еткен елеулі халық деп жазды. Ежелгі үйсіндер туралы ол уақытта Ганьсу провинциясындағы Нань-Шань жотасы мен Булунцзир өзені аралығында көшіп-қонып жүретін рулардың одағы деген деректер қытай дереккөздерінде б.з.д. III ғасырдың аяғынан бастап пайда болады. Олардың жері шығыста ғүндардың жерлерімен іргелес болды, батыста Ферғанамен, Солтүстік-батыста қаңлымен шектесті. Үйсіндердің орталығы Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауында болды.
Ғұндар сияқты үйсіндер де рулар одағы болды сонымен қатар үлкен және кіші екі орда болып бөлінді. Жоғарғы билеуші «кунь-би», «ғуньмо» деп аталды. Гуньмоға бағыныштылар ру ақсақалдары мен әскербасылар болды. Үйсін одағының қоғамдық құрылысының негізінде әскери көсемдердің рөлі сараланатын әскери демократия бастамалары болды. Мәселелердің бәрі ру өкілдерінің қатысуымен бірлесіп шешілетін. Үйсін одағының қауіпсіздігі тайпаның біріккен күшімен қамтамасыз етілді. Әрбір отбасы жауға мінер атымен және қару-жарағымен кемінде бір жауынгерден шығаруға тиіс болды. Қытай деректемелері үйсіндердің сан қарасы 120 000 отбасы, яғни 630 000 адам деп шамалады. Соғыс уақытында олар 200 000 жауынгер шығара алатын.
Үйсіндер б.з.д. II ғасырдың ортасына дейін тәуелсіздігін сақтады, бірақ ғұн одағының күш-қуаты нығаюына орай өздерінің бұрынғы мән-маңызынан біртіндеп айырыла бастады. Б.з.д. II ғасырдың ортасында үйсіндердің тәуелсіздігін соғыс бұзып кетті. Шайқастардың бірінде үйсіндер ғұндардан жеңіліп, гуньмолары өлтірілді. Жеңілгеннен кейін үйсіндер ғұндардың өздеріне үстем билігін мойындады. Бағыныштылық белгісі ретінде гуньмо ғүн тәңірі құтының ордасына баруға тиіс болды. Үйсіндер ғұн тайпалар одағына кіріп, батыс-ғұн қанатының негізін құрады. Үйсіндердің ғұн одағына енуі тек атаулық сипатта ғана болды. Іс жүзінде олар гуньмосы басқарған дербес басқарылуын сақтап қалды. Ғұндар олардың ішкі істеріне араласқан жоқ, үйсіндерді жауларға қарсы күресте өз одақтасы ретінде ғана пайдаланды. Б.з.д. II ғасырдың ортасында ғұндар үйсіндердің көмегімен юечжилерді Шығыс Түркістаннан қуып шығарды. Үйсіндер өздерінің ерлігі мен батылдығы арқасында ғұндардың бұларға ілтипатты қамқорлықпен қарауына жетті, сөйтіп бұдан ілгері уақытта да дербестігін сақтап қала алды. Б.з.д. II ғасырдың аяғында үйсіндер ғұндарға ендігі жерде бағынбайтын болды. Легяо-би билік жүргізген уақытта олар ғұндар мен Қытайдың арасындағы қарым-қатынаста елеулі рол атқарды.
Б.з.д. 108 жылы үйсін гуньмосының Іле өзенінің жағасындағы ордасына қытай елшісі Чжан — Цянь (Чань-Кянь) келіп қайтты. Ғұндардың күш-қуатын әлсіретуді көздеген қытайлықтар Сырдария өзенінен батысқа қарайғы жерлердің билеушілерімен достық байланыс орнатуға тырысты, ал ол өңірлерге үйсіндердің жерінен өтіп барып жетуге болатын. Чжан-Цяньнің міндеті үйсін гуньмосын Қытаймен одақ жасауға ойыстыру еді, ондағы мақсаты ғұндармен соғысты қайта жаңғырту болатын. Алайда үйсіндер мұндай ұсынысқа ұстамдылықпен қарады, сөйтіп бір жылдан кейін, Қытайдың күш-қуатына көздері жеткеннен кейін ғана онымен одақ жасасты.