1986 жылғы 16 желтоқсанда кеңестік биліктің ойына кіріп-шықпаған жаңа тарих бастау алды. Бұл күні Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Пленумы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты бірінші хатшы лауазымынан босатып, орнына Ресей Федерациясындағы Ульяновск облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Васильевич Колбинді сайлады. Осы жәйт қазақ халқының ақырғы да аса маңызды ұлт-азаттық көтерілісінің тұтануына себеп болды. Орталықтың басқа республикада облыстық деңгейдегі басшы болып жүрген орыс қайраткерін Қазақ Республикасын басқаруға жіберуіне байланысты, жастар астананың басты алаңына шықты. Бірақ басшылықтың ауыстырылуы – өкімет көзіне оғаш көрінген демонстрацияға шығудың сылтауы ғана, іс жүзінде, лық толып тұрған шараны кемерінен асырған тамшы болған еді. Көтерілістің басты себебі «тәуелсіз республикалар одағы» деп аталып, «потемкиндік деревня» іспетті жасанды тәж киген «біртұтас және бөлінбейтін» советтік мемлекеттің отаршылдық және орыстандыру саясатында болатын.