Қысты мүлде ұнатпайды екенмін. Кеше өзімше қыстың суреттерін түсірмек болып саябақ аралап едім, көңілім түсіп кетті. Менің ғана емес, жұрттың бәрінің нәстрөнеиелері нәскилерінде сияқты.Бұрын мектепте шығарма жазғанда "Менің ең сүйікті мезгілім - қыс"... деуші едім. Өйткені, ол кездері қыс мен үшін шынында да ең қызықты, ең көңілді маусымдардың бірі болатын. Бәлкім, балалық шығар...Маған қысты сүйдіре білген балдай тәтті шақтар келмеске кетті ғой:
Қолымыздың қып-қызыл болып үсігеніне қарамастан бүкіл аула балалары жиналып аққала жасайтынбыз. Үйдегі сәбіз бен картопты ұрлап тауысатын мен едім. Ал қаншама шарфтарым сол аққаланың мойнында қалды. Мамамнан мың сан таяқ жесем де, сол әдетімді қойған емеспін))
Таң атқаннан кеш батқанға дейін шанамен сырғанайтынбыз. Биік-биік қырлардан айызымыз қанғанша сырғанап түсетінбіз де, шананы қайта шығаруға тыл жұмысын жасап жатқандай қиналатынбыз. Әпкем екеуміз күніге қырық пышақ болып ұрсыстық, қаншама "сулифалардан" жеңіліп, былқ-шылқ терге батып шананы қырға сүйреп шығарған кездерім есіме түссе рақаттанып қаламын)))
Мама-папа жұмысқа кеткенде, атамызды алдап далаға шығып, үйдің шатырларына қатып қалған үлкен-үлкен мұздарды қыртылдатып тұрып тығылып жейтін кезедерімді ойласам, тістеріме жаным ашиды. "Ауырып қаласың, таста қолыңдағыны, қаншама микроб бар, енді жегеніңді көрсем, жақсылық күтпе" дейтін маманың мыңдаған ескертулерін түсінбеппін-ау сол кезде(((
Мектепте ше? Қыздар үшін үзілісте әжетханаға барып келу - тозаққа барып келумен пара-пар болатын. Қолдарына уыс-уыс қар ұстап аңдып тұратын ұлдар барып-келгенше соққының астына алатын. Бізде ақымақпыз ғой, соны біле тұра әдейі әжетханаға барғыштап кететінбіз. Әбдеееен "шомылған" қыздар жылап келіп апайға арыз айтқанда: "сауап өздеріңе, шошаңдамай отырмайсыңдар ма тып-тыныш" деп ұрысса мұғалімді пыш-пыштап өсек астына алатынбыз. Соған да тоймаған ұлдар өздерімен бірге сыныпқа алып келген бір түйір қарды мойныңа тығып жібергенде, демің шықпай дір-дір етіп аузымызға келген қарғысты айтушы едік. Ал үйге қайтар жолдағы айқасты ауызға алмай-ақ та қояйын))))
Сосын, біздің үйдің астындағы тоғайда үлкен өзен болатын. Өзен бетіне қатқан мұз үстіне екі ауылдың балалары жарысып "хоккей" ойнайтынбыз. Қайбір хоккей дейсіз? Қолымызға басы иілген таяқтарды алып алып, кішкентай ғана "шайбаны" қуалайтын да жүретінбіз. Мен "жылауық" күніге көзімнен сорам ағып қайтатынмын да, ертесіне бетім бүлк етпестен қайта баратынмын ғой. Сол кезде мені бәрі жек көрген шығар ә?
Бәрі өтті, кетті. Ешқашан оралмайды. Қызықты өмір қаһармандары да бүгінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде жүр. Анда-санда агентте сөйлесіп отырып, еске түсіріп шегіміз түйілгенше күліп алатынымыз бар. Бірақ, әлі де жиналып аққала тұрғызған емеспіз, шанамен сырғанаған да, қар атысып ойнаған да емеспіз...
Ал ең өкініштісі - осындай тәтті сәттерді тарту еткен қысты жек көреді екенмін...