Ту:
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Елтаңба:
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Гимн:
Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.