Инженерлік – қашаннан қат мамандық. Болашақта шығаратын өнімге қатысты зерттеу жұмыстарын жүргізу; өнімнің конструкциясын жетілдіру және жаңарту; өндірісті техникалық тұрғыдан дайындау және өндірістік процесті ұйымдастыру сияқты қыруар жұмыс инженерлердің көмегімен жүзеге асады. Техника мен технологияның заманында мұндай мамандарға деген сұраныс екі есе артып отыр.
Инженерлік – «ақыл-ой еңбегі». Нано-технологиялық, ақпараттық жүйелерді жобалап жасау, жетілдіру және іске қосу, басқару процестерін қамтамасыз ететін ғылым мен тәжірибеге негізделген мамандық. Күрделі техникалық операциялар жасайтын инженер еңбегі болашақ өнімді жобалайды, өндіреді, өнім шығарады. Инженерлік үлкен шығармашылық ізденісті талап етеді.
Инженерлер өз ішінде инженер-техник, инженер-конструктор, инженер-технолог, инженер-пайдаланушы, инженер-экономист, инженер-механик, инженер-энергетик, инженер-эколог, инженер-жобалаушы болып бөлінеді.Бүгінде бұлардың әрқайсысының жұлдызы жанып тұр. Бірақ, мұндай аса зәру, қат әрі қажет мамандықты игергендер аса көп емес. Игергендердің ішінде бағы жанғандар тағы сирек.