XIV — XV ғасырларда барлық қазақ тайпалары ұлан-байтақ аймақты мекендеп жатты. Ертістен Оралға, Алтайдан Каспийге, Қараталдан Сырдарияға, Тянь-Шань тауларынан Қаратауға дейінгі аумақты қамтыды. Қазақ даласын мекендеген негізгі тайпалар: үйсін, қаңлы, қоңырат, найман, керей, маңғыттар болды.
Қазақ даласындағы көшпенді тайпалар, сол кездегі үш ірі мемлекет — Ноғай Ордасы, Моғолстан, Әбілхайыр хандығы немесе Өзбек Ұлысының құрамында болды. Бірақ олардың қайсысы болмасын, күнделікті өмірде қажетті қауіпсіздік пен этникалық аймақтың бірлігін қамтамасыз ете алмады.
Әбілхайыр хандығы экономикалық және саяси құлдырауды бастан кешіп жатқан еді. Мемлекеттің ішкі саясаты негізінен, билікке таласып жатқан Жошы ұрпақтарымен күресуге бағытталды. Күннен-күнге күшейген феодалдық езгімен, хан билігінің қысымына шыдамаған халық көтеріле бастады.