Ответ:
Ел үшін аянба – ерлігіңе сын,жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын
Бауыржан Момышұлы
Батырлық пен ерлік – әр адамның бойында кездесе бермейтін қасиет. Бұл қасиет кей адамда жылдар өте келе қалыптасуы мүмкін. Өмірдегі сан қилы оқиғалар, тосын жағдаяттар өз әсерін тигізіп, адамды көзсіз ерлікке , қайсар батырлыққа итермелейді. Батылдық – бұл адамның бойына ержүректілік, қайсарлық, еркіндік, сенімділік, табандылық секілді қасиеттерді сіңіре білуі. Батылдық – адамның бір сәтке ғана батыл болып көрінуі емес. Батыл болу – игі мақсаттар жолында табанды, өз ісі мен сөзіне сенімді болып, жасқанбай әрекет ету деген сөз. Мақсатың мен мүмкіндігің, көздеген мүддең, армандаған тілегің, күткен нәтижең барлығы өзара үйлесе қабысқанда ғана түпкі мұратың – батылдыққа жетесің. Қазақ халқының ұлдары ежелден-ақ өжет, рухты болған. Атабабаларымыз дүниеге ұрпақтары келісімен оларды табандылыққа, шыдамдылық пен төзімділікке тәрбиелеген. Көне жазба деректерден , тарихи аңыздардан қазақ халқының арғы тегі – сақтардың да ерекше батыл халық болғанын білеміз. Сақ патшайымы – Томирис, оның ұлы Спаргапис сол кездегі хас батырлар, өршіл рухты қолбасшылар.
Халқымыздың батыр ұлы Бауыржан Момышұлы: «Ерліктің негізі – сүйіспеншілік, Отанын сүйген азамат ол үшін отқа да, суға да түседі. Бірақ нағыз азамат оны ерлік жасадым деп есептемейді. Азаматтық міндетімді атқардым, Отан алдындағы перзенттік борышымды өтедім деп қана біледі» деген. Демек, әрбір ерліктің бастау алар қайнар көзі – Отанға деген сүйіспеншілік. Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарында қызыл аяқ қар кешіп, жалаң аяқ жар кешіп елін қорғаған Наурызбай, Бөгенбай, Қабанбай батырлар, «қара қазан, сары бала қамы үшін» деп туған жерін қызғыштай қорыған Махамбет пен Исатайлар, екінші дүниежүзілік соғыстың сұрапыл жылдарында да қаныпезер жаудан қаймықпаған қазақтың қайсар ұл-қыздары Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Рахымжан Қошқарбаев, Бауыржан Момышұлы соның нақты дәлеліндей.