Абай нағыз адам мұратын қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге ол мақсатқа жетудің шынайы жолын көрсетіп берді. Абай шығармашылығындағы сондай-ақ адам бойындағы қайырымдылық, қанағат секілді адамның қалыптасуына себепші иманды қасиеттер де талданған. Кант, Достоевский тәрізді ұлы гуманистер "қайырымдылық", "қарапайымдылық" секілді ұғымдарды тұлғаны қалыптастыратын басты белгі деп қарастырған. Нағыз адамды білімділік, ақылдылық, біліктілік, ғылымсүйгіштік қасиеттер анықтайды деп тұжырымдайды. Дана ақынның пайымынша, адамшылықтың мұратына жетудің негізгі құралы - шығармашылық ойлау. Абайдың айтуында, ой кісіге табиғат құбылыстарын ғана емес, адам өмірін талдау, қорыту, салыстыру үшін берілген. Нағыз адам мұратына жетудің екінші шартын Абай еңбек, қызмет деп есептейді. Ақын еңбек туралы да жаңа сөз айта алды. Ол қазақ қоғамында еңбек туралы жаңа түсінік қалыптастырды. Абайдың айтуынша, еңбек - жай ғана қызмет емес, адам болмысының айнасы. Еңбектің өмір сүру құралы екендігін баршаға насихаттайды. Ғылымды игеру, тану, білімді болу - табан ақы маңдай тердің, еңбектің мәні. Сондықтан ақын еңбек пен мақсатты өлеңдерінде асқақтата жырлады.
Абай қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет өз заманында халықты толғандырған қоғамдық және саяси өмір проблемаларын күн тәртібіне қойды. Ол қазақ қоғамының қайшылықты жақтарын, замандастарының алауыз берекесіздігін, патшаның отаршылдық саясаты қоздырып отырған рулық тартыстардың елдің бірлігіне келтірген зиянын қатты сынай отырып, еңбекші елге іш тартты, халықты озық мәдениетке сүйреді. Ол халықтардың оңашаланып өмір сүретін дәурені өткенін, ендігі жерде ел болудың кепілі - дамыған көрші елдермен қарым-қатынас жасауда екенін айтты. Елді сол жолда бірігуге, ынтымақтастыққа шақырды. Уақыт талабын заманынан оза шауып түсіну - Абай даналығының белгісі. Ол шындықтың ақыны болып туды, солай өмір сүрді. Оның өлеңдерін оқи отырып, одан жалғандық табу қиын. Өлеңдерінен қазақтың ұлттық табиғатына тән шындық мөлдіреп көз алдыңа келеді. Ұлы суреткер есебінде Абай оны көркем бейнелеудің жаңа жолын тапты. Оның өлеңдері өзінің қарапайымдылығымен, табиғилығымен құйылып, ойға, сезімге ұялайды. Сондықтан ол қазақ әдебиетіндегі тұңғыш ұлы суреткер саналады. Абай ақын боп сөз жазып қана отырмаған, өз өлеңіне өзі ән шығарып таратқан. Оның композиторлық шығармашылығы біздің халықта ерекше бағаланады. Қазақ даласында бірінші шырқалған Татьяна тек Пушкинді ғана насихаттап, халыққа таратып қана қойған жоқ, сүйгеніне қосыла алмаған мұңды орыс қызын қазақпен байланыстырды. Абайдың жастайынан көргені, естігені - халық әдебиеті, бай фольклор, жеке ақындар творчествосы болды. Жасынан әке ырқымен ел ісіне араласқан Абай сөз сырын жақсы білді, дау ұстағандардың талай сынынан өтті, шешен атанды, төбе билікке де сайланды.