Объяснение:
Бесоба қорымы — б.з.б. 6 — 4 ғасырлардан сақталған ғұрыптық жерлеу орындары. Ақтөбе облысы, Мартөк ауданы, Хлебодаровское ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 3,5 км жерде.
1973, 1974, 1976 жыдары Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (жетекшілері М. Қадырбаев, Ж. Құрманқұлов) зерттеген. Қорым шығыстан батысқа қарай тізбектеле, топырақтан үйілген 12 обадан тұрады. Олардың диаметрі 16 — 48 метр, биіктігі 0,3 — 3 метр. Үйінді астында балшықтан, ағаштан салынған төртбұрышты және дөңгелек қабір болғаны анықталды. Іші тегістеліп сыланған. Мәйіттердің басы бір жаққа қаратылып (батысқа қаратылғаны басым), шалқасынан жерленген. Әр қабір ішінде 1 — 4 адам қаңқасы бар. Олардың қасынан аттың жүгені (темір ауыздық, аң бейнесі салынған тоғалар, т.б.), тартпасы, киім әшекейлері, қорамсақ пен темір ақинақтар, ағаш, қыш ыдыстар, сырға, моншақтар табылған. Аса беделді әскербасы (9-оба) үлкен оба астындағы қабірге және абыз әйел (3-оба) диаметрі 6 метр, тереңдігі 0,6 метр шұңқыр ішіне жеке-жеке жерленген. Бұлардың жандарынан алынған заттары да ерекше. Әскербасының қорамсағында қоладан жасалған 94 жебе ұшы, белінде балдағы алтынмен апталған темір ақинақ, асатаяқ және мойнында алтын алқасы бар. Абыз әйел мойнына алтын моншақтар, алқа, киімінің өңіріне жартышар пішінді жапсырмалар тағылған. Белбеуіне ілдірілген қалталарға жасыл, көк, сары, ақ түсті минерал ұнтақтары, охра кесектері, жеке қалтаға қола айна салынған. Аяқ жағында жыртқыш аңның басын бейнелейтін үш аяқты тас тостаған бар. Оң жағында айналасына жылқы сүйектері қойылған төртбұрышты жер ошақ. Қабір үстін шатыр тәрізді етіп ұзын бөренелермен жапқан. Бесоба қорымының материалдары б.з.б. 6 — 4 ғасырлар аралығында Елек өзені бойын мекендеген сармат тайпаларының материалдық және рухани мәдениетінің, әлеуметтік құрлысының куәлары болып табылады.