Ответ:
Адам болу үшін жай ғана адам болып туылу жеткіліксіз. Адамдарша әрекет жасау қажет. Абайша айтқанда «үш нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Адам боламын десеңіз ең алдымен адами қасиеттерге ұмтылу керек. Нағыз адамның жарты адамнан айырмашылығы ұшан теңіз. Кейде біз айтамыз «еее, мына кісі өте жақсы, адами қасиеті жоғары» немесе «ананы адам деуге келмейді, мінезі нашар, түрі де суық» дейміз. Дәл осылай демесек те осы тұстан сөйлейміз. Жан баласының сырт келбетіне қарап баға беру, кез – келген пенденің үлкен ағаттығы. Тіпті нашар деп білген адам бойында, жақсы деп таныған тұлғадан табылмаған ізгі қасиеттер болуы да ғажап емес.
Ешбір пенде тумысынан ерекше болмайды, өзін–өзі ерекше болуға тәрбилеп, асқан мейірімді, жомарт болады. Егер мақсатым «Адам болу» десеңіз, тек жақсы нәрселерді ойлауға тырысыңыз. Себебі, ойлаған және айтқан жақсылықтарыңыз жүзеге асады. Мықты жазушылардың бірі Гете осы тұста «кісі болу дегеніміз–күрескер болу деген сөз» деп тауып айтқан. Адам болу оңай шаруа емес… Дегенмен біз пері де, періште де емеспіз «пендеміз». Пенде болғаннан кейін жаңылмау мүмкін емес. Қателіктер жасау пендешілік, ал қателіктерді сезініп сабақ алу даналық.
Адам болу жөнінде Абай атамыз молынан жазып, өсиеттерін қалдырғанды. Сол қоғамдық көліктегі сәтте «ашулы адамның сөзі аз болса, ыза, қуаты артында болғаны. Егерде аузынан қара қан ағызса, домбыт, мақтаншақ, қорқақ» деген сөзі сап етті.
Негізі адамның қолынан бәрі келеді. Жақсы мінез қалыптастырамын десе, бір сәт. Тек сол бір сәтте өзгеру үшін бар болғаны адам өзін– өзі сыйлауы шарт. Өзін сыйламаған адам өзгені сыйлап жарытпасы анық! «Аң мінезді адам–аңнан да жаман» деп Тагор жүйелі ойын білдірген.
Адам бәрін өзі жасайды. Қиындықтарды да өзі тауып алады. Уақыттың қадірін білгендер ғана келешегіне сеніммен қарайды. Өкінішке орай, қазіргі таңда адамдар үшін маңыздысы — ақша. Бірақ ақшаның соңынан қашанғы жүрмекпіз. Өмірдің өзі қамшының сабындай ғана болса, артымыздан қандай мұра қалдырамыз?! Мен ойлаймын, уақыттың қадірін білмегендер «ертең» деген сөзді көп қолданады. Ал «ертең» сөзі «ешқашан» сөзіне алып баратын баспалдақ. «Ертең» – ынжықтардың сөзі десем де артық болмас. Уақытты дұрыс пайдалансақ, барлығына да жеткізуге болады. Уақыт қадіріне жете алмасаң пиғылың бұзылады. Ал пейіл бұзылған сәтте, адамның адамдығы қашады.
Сын қабылдай білу, өзіңе ауыр тисе де іштей тәрбиелеу деп білемін. Ғ.Мұстафин айтады: «мінін көріп безгенше, мініп алып түзе». Сын намысқа тиюі мүмкін, бірақ оған бола «намысым аяққа тапталды» деп қатты алаңдаудың қажеті жоқ. Сол сыннан кейін өзіңді әбден сабақтап шығарасың.
Жақсылық…
Жақсылыққа жаман жолмен жете алмайсың. Адам боламын десеңіз «жақсылық» формасын кеңінен қолданыңыз. Сіз жақсы болсаңыз әлем де жақсы. Не дегенмен жақсы адам еліктеушісінен гөрі табынушысын көбірек табады.
Адам болудың тағы да оңай формасы қарапайымдылық пен кішіпейілділік.
Қарапайым адам өзінің қадірін, құнын түсінетін адам. Қарапайымдылықтың ауқымы өте кең. Қарапайым болу, қоршаған ортада өзіңізді ұстаудан бастап, сырт келбетіңізден аяқталады. Кішіпейілділік қарапайым болудың басты қағидасы. Егер жер бетіндегі тірі пенденің барлығы дерлік кішіпейіл, қарапайым болса, жетімхана, қарттар үйі деген ғимараттар болмас еді. Өзекті өртейтін жалған кішіпейілділерді Гольдонимше айтсам «жалған кішіпейілділік те менмендік сияқты жиіркенішті», «күшіңе сенбе, адал ісіңе сен» деп М.Әуезов адалдықты басты орынға қойған. Адам боламын десеңіз адал бола біліңіз! Адалдық–ешбір бұқпасыз, боямасыз, шыншыл қатынас. Жер бетінде адал адамнан өткен ғажайып мінез иесі жоқ шығар сірә?! Адал болу, өзің үшін емес, қоғам үшін ғұмыр кешу!
Мінекей, адам болып туылу, адамдық қасиетке ұмтылу, мейірімді, уақыт қадірін ұға алатын, сын қабылдап, мін түзей білу, жақсылықты шынайылықпен, адалдықпен жасап, қарапайым әрі кішіпейіл болу нағыз адамның идеал формасы.