Ответ:
Ет қызумен қарызға келген бар нүктені шашып бітірген Бас әріптің әбден басы қатты. Тоқтай алмағаны өз алдына, өтеуі қиын қаншама борышқа батты!.. Соны уайымдап, ұйқысы қашты. Оның үстіне мына қойдай топырлаған көп әріп тоқтай алмағандарына, берекесі кеткендеріне кінәлі деп, бұған біраздан бері қатты наразы екен. «Мәтінді қайта бастау керек» деген күңкілді, саңырау емес қой, құлағы шалып та жүр. Ең жаманы – топ-топ болып жасырын-ашық ұйымдасып, әр топ өз араларынан бір-бір әріпті бас қылып, мұның орнын көздеуге көшкен. Ойлары – солардың бірін бұның орнына Бас әріп қылып сайлап, далиып, жойдасыз жайылып кеткен ұшы-қиыры жоқ мағынасыз мәтінге нүкте қойып тоқтату. Бас әріптік лауазымнан үміткерлер болашақ жаңа мәтіннің мазмұнын белгілеп, бағдарламасын жасап та қойған-мыс. Айтуларынша, о бастан мазмұны айқын мәтін ғана жақсы басталып, сәтті аяқталмақ. Айқын, терең, сара сөз ғана керекті нүктені өзі таппақ екен. Міне, мәселе қайда!.. Осының алдын алмақ болып, бұл шұғыл әрекетке көшкен – өте-мөте белсенді наразылық көрсетіп жүргендердің біразын ұстап алып, сұрақ белгілерін тыққан қоқыс қалтасына сүңгітті. Енді біреулерін ерінбей шұқылап, мәтіннен теріп алып, айдалаға қуды. Наразы екеніне көзі жетпесе де, сөз-сөйлем ішінде көбірек қолданылып, жиі көзге түсіп кеткендерді есебін тауып, жан-жаққа лақтырды. Сөйтіп, тоқтар жері, түбі, тиянағы көрінбесе де, Бас әріптің есебінше, әзірге берекесі сүттей ұйып тұрған ұлан-ғайыр, ұшы-қиырсыз ұлы мәтінге іштен іріткі салып жүргендерден жақсы құтылды. Бірақ нәтижесі қуантарлық болмады – аласталып кеткен әріптердің орны үңірейіп, мәтін былыққан қатеге толды. Бас әріп бастаған үшбу жазба енді ешқашан бітпейтін ғана емес һәм ешкім ештеңе түсініп болмайтын жансыз таңбалардың қоқыған тау-тау үйіндісіне айналды. Ақыры, Бас әріп шаршады... Қырық жыл бойы шұбатып, аяқтай алмаған мәнсіз, мағынасыз, түпсіз-шексіз құрдым мәтінді кез келген жерінен қидалап, қырқып, кітап қылып шығара бастады. Ақпарат құралдарының xабарлауынша, жақында жүз бірдеңесінші томының тұсаукесері өтпек.