Отве
Қарапайымдылар - бір жасушалы, өте ұсақ, микроскоп арқылы көрінетін жәндіктер. Морфологиялық жағынан қарағанда қарапайымдылар бір жасушалы формалар, ал тіршілік қасиеттері жағынан алғанда дербес өмір сүретін жеке организм, тірі организмге тән зат алмасу, қозғалу, тітіркену, ортаға бейімделу, ас қорыту, зәр шығару, тыныс алу, даму т. б. қызметтерін атқарады. Қарапайымдылардың клеткасының пішіні және мөлшері алуан түрлі болады. Олардың мөлшері 3-4 микроннан бірнеше миллиметр шамасында болады. Мысалы, инфузория стентордың ұзындығы - 1,5 мм. Қарапайымдылардың құрылысы көп жасушалылардың жасушасының құрылысымен бірдей - цитоплазмадан, ядродан және органоид бөлшектерінен құралған. Цитоплазма екі қабат түзейді, ашық түсті сыртқы - эктоплазма және қоңырқай, түйіршікті ішкі - эндоплазма. Қоймалжың сұйық цитоплазмада көптеген органоидтар орналасқан: митохондриялар, эндоплазмалық тор, рибосомалар, Гольджи аппараты, т. б. Цитоплазмада ас қорыту вакуолі түзіліп тұрады, олар ас қорыту ферменттерін шығарып, қорек заттарды қорытады. Органикалық заттар мен сұйықтық тамшылар жасушаға фагоцитоз және пиноцитоз жолымен өтеді. Тұщы суларда тіршілік ететін қарапайымдыларда жиырылғыш вакуолі зәр шығару, осмос қысымын реттеу және тыныс алу қызметін атқарып отырады. Клеткадағы зат алмасу жолында пайда болған несеп заттар сыртқа жиырылғыш вакуолі арқылы шығарылады. Тұщы суда тіршілік ететін карапайымдылардың цитоплазмасындағы тұздың және басқа ерітіндінің концентрациясы өзін қоршаған судың концентрациясынан әлдеқайда жоғары болғандықтан, осмос қысымына байланысты сыртқы ортадағы су жасушаның ішіне енеді, ал жиырылғыш вакуоль артық суды үнемі сыртқа шығарып тұрады, соның нәтижесінде жасуша жарылмай бірқалыпты түрде сақталынады. Судың құрамындағы ерітілген оттегі цитоплазмада қалып, сыртқа су арқылы көмірқышқыл газы шығарылып отырады, осылайша тыныс алу процесі жүреді.
Цитоплазманың орталық бөлімінде ядро орналасады. Қарапайымдылардың көпшілігінде ядросы біреу (моноэнергидты), сондай-ақ екі, көп ядролы қарапайымдыларда жиі кездеседі (полиэнергидты). Ядрода қабықша, ядрошырыны, ядрошық және хромосомалар болады. Қарапайымдыларда қозғалыс органойдтары жақсы жетілген. Олар, жалған аяқтары, яғни псевдоподиялары - pseudopodia (латынша pseudo - жалған, poda - аяқ) және жіптәрізді талшықтар мен кірпікшелер. Қарапайымдылардың көпшілігі жыныссыз және жынысты жолымен көбейеді. Жыныссыз көбеюінде жасушаның негізгі бөліну тәсілі - митоз. Жынысты көбеюі аталық және аналық жыныс жасушаларының (гаметаларының) бір-бірімен қосылуы арқылы өтеді, осындай процесті - копуляция деп атайды. Копуляция нәтижесінде ұрықтанған жасушадан - зигота пайда болады. Зигота диплоидты, өйткені ол екі гаплоидты жыныс жасушаларының (гаметалардың) қосылуы нәтижесінде түзіледі. Жыныс жасушаларының (гаметаларының) мөлшері мен пішіні әр қилы болады. Аталық және аналық гаметалардың мөлшері және құрылысы бірдей болса, бұлардың қосылуын - изогамия копуляциясы деп атайды, ал үлкендеу келген аналық гамета - макрогамета, кішілеу келген аталық гамета - микрогаметамен қосылса - анизогамия копуляциясы деп атайды. Қарапайымдылар конъюгация (ядроның қосылуы), ұрпақ алмасуы, шизогония, гаметагония, спорогония жолымен де көбейеді. Қарапайымдылардың бір ерекшелігі - қолайсыз жағдайларда (су кеуіп қалса, мұзға айналса, қорек жетпесе, т.б.) жасуша сыртына қалың қабық шығарып, цистаға айналады. Циста күйінде қарапайым ұзақ уақыт тіршілік етеді. Қолайлы жағдай болғанда жасуша циста қабығын тастап әрекетті тіршілікке кіріседі.
Қоректену тәсіліне қарай карапайымдылар екі топқа бөлінеді: автотрофты және гетеротрофты. Автотрофты қарапайымдылар (жасыл эвглена, вольвокс т. б.) органикалық заттарды хлорофилл дәндерінің жәрдемінен синтездеу арқылы алады, немесе фотосинтез арқылы қоректенеді. Гетеротрофты қарапайымдылар дайын органикалық заттармен қоректенеді (бактериялармен, көк-жасыл балдырлармен, ұсақ қарапайымдылармен). Кейбір гетеротрофты қа¬рапайымдылар және паразиттік тіршілік ететін карапайымдылар дайын органикалық заттарды осмос жолымен бойына сіңіру арқылы қоректенеді. Мұндай қоректену тәсілін сапрофиттік қоректену деп атайды. Бұларға топырақтарда тіршілік ететін қарапайымдылардың кейбір түрлері және паразиттер: трипаносома, лейшмания, трихомонас, безгек плазмодиясы т. б. жатады. Кейбір қарапайымдылар автотрофты және гетеротрофты тәсілімен қоректене ала-ды, бұларды миксотрофты жәндіктер деп атайды. Мысалы, жасыл эвглена - миксотроф.
Қарапайымдылардың 70 000-нан астам түрлері белгілі, тұщы суларда, теңіздерде, ылғалды топырақтарда кең тараған және жануарлар мен адамның денесінде паразиттік тіршілік етеді. Бұлар 5 типке бөлінеді.