Ответ:
Отаршылдық - өз елінің шет жағында бос жатқан жерлерді қоныстану және шаруашылық үшін игеру («ішкі отаршылдық»), сондай-ақ басқа елдерде қоныстар салу («сыртқы отаршылдық»). Отаршылдық іс көбіне жергілікті тұрғындарды күшпен бағындыру және ығыстыру саясатымен (кейде қырып-жоюмен) ұштасады және басқа аумақтарды тартып алу үшін қолданылады. Отаршылдық ежелгі заманнан белгілі. Ежелгі Финикия, грек мемлекеттері, Рим отар елдер арқасында үстемдік орнату, өздеріне қажетті азық-түлік және тауарлар алу, басқа аймақтармен сауда қатынастарын орнатуды көздеді. Отаршылдық арқасында гректер Қара және Азов теңізі жағалауларын, Аппенин түбегін, Сицилия, Сардиния, т.б. аралдарды игерсе, финикиялықтар Солтүстік Африкада атақты Карфаген қаласының негізін қалады. Ежелгі қытайлар, түркілер, корейлер Жапон аралдарына қоныс теуіп, Тынық мұхиттағы Оңтүстік аралдардан келгендермен және жергілікті тұрғындармен араласып жапон халқының қалыптасуына қатысты. 11- 13 ғасырларда Таяу Шығысқа жасалған крест жорықтары да белгілі дәрежеде әскери отаршылдық сипатта болды. Ішкі отаршылдық 12-13 ғасырларда феодалдық қоғамның өндіргіш күштерін алға бастырып, Батыс Еуропа елдерінде елеулі табыстарға жетті. 15 ғасырдағы географиялық ұлы жаңалықтар кезінен еуропалықтар жер жүзінің басқа құрлықтарын отарлауды бастады. Әскери-сауда орталықтарын салу, жаңадан ашылған құрлықтарды игеру, бұрынғы дамыған елдермен сауда жүргізу қыза түсті. Испандықтар, португалдар, голландтықтар, ағылшындар, француздар, т.б. отаршылдық саясатын күшпен жүргізді.